23 Шілде 2026, 12:25 Фото: видеодан скриншот

Алматыда көп әйел алуды насихаттаған азамат жауапқа тартылды

Ер адам тоқал алуды еркін түрде насихаттаған.

Алматы полициясының қызметкерлері интернет кеңістігіне мониторинг жүргізу барысында әлеуметтік желіде ер адамның құқыққа қайшы контенттерін анықтап, шара қабылдады.

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, бұл жазбаларда ҚР заңнамасына және қоғамда қалыптасқан жалпыға ортақ моральдық-адамгершілік нормаларға қайшы өмір салты насихатталған.

Материалдарда көп әйел алуды насихаттау белгілері бар деп танылған.

Автор қалай анықталды?

Жарияланымдарды орналастырған ер адамның жеке басы анықталды. Оған қатысты құқыққа қайшы контент орналастырғаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабының 3-1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Профилактикалық әңгімелесу жүргізілгеннен кейін азамат әлеуметтік желідегі парақшасынан материалдарды өз еркімен өшірді.

Мұндай контент үшін қандай жауапкершілік бар?

Алматы полициясы әлеуметтік желілердің қоғамдық ақпараттық кеңістік болып табылатынын еске салды. Заң талаптарына қайшы мінез-құлық үлгілерін насихаттайтын контентті тарату заңда көзделген жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.

Тәртіп сақшылары пайдаланушыларды интернетте материалдарды жариялау кезінде заң нормаларын сақтауға және құқыққа қайшы контентті таратудың ықтимал салдарларын ескеруге шақырады.

Еске салайық, бұған дейін Павлодарда жол үстінде «ала сөмкеге кіріп, киімін ауыстырған» бойжеткен жауапқа тартылды.