Алматыдағы колонияда тігін цехы ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыда балалар колониясында шағын тігін цехы ашылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Сотталғандарды жұмыспен қамту ешқашан күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселе. Түзеу мекемелерінің аумағында шағын өндіріс орындарын ашу осы мәселенің түйінін шешуге айтарлықтай ықпал етуде.

Алматы қаласындағы "Ақниет Үміт" мүгедектердің қоғамдық қоры жуырда ЛА-155/6 түзеу мекемесінің ұжымымен бірлесіп балалар колониясында шағын тігін цехын ашты. Осы орайда бес жасөспіріммен Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 69-бабына сәйкес еңбек шарты жасалды. Аталған заң талаптарына сәйкес енді 16 жастан 18 жасқа дейінгі балалар аптасына 36 сағаттан аспайтын уақыт жұмыс істейтін болады. Тігін цехында киім үтіктейтін орын, бу генераторы және алты тігін машинасы бар.

Жазалы жасөспірімдер аталған цехта зор ризашылықпен жұмыс істеуде. Олар бір жағынан қазір сұранысқа ие тігінші мамандығын игерсе, екінші жағынан табыс тауып, сот белгілеген шығындарын өтеуге және аз да болса ата-аналары мен бауырларына қаржылай көмек беруге мүмкіндік туғанына қуанышты. Сонымен қатар, олар еңбек ете жүріп, шеберліктерін шыңдайды. Еркіндікке шыққан соң кәсібі бойынша жұмысқа орналаса алады, – дейді ЛА-155/6 түзеу мекемесінің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының аға инспекторы Әділ Әділханов.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы