31 Тамыз 2026, 16:31 Фото: ©BAQ.KZ/жасанды интеллект

Алматыда көліктің түтіні талапқа сай болмаса, қала орталығына кіруге шектеу қойылады

Алматыда енгізілетін төмен шығарындылар аймағы (LEZ) аясында экологиялық талаптарға сай келмеген көліктерге қандай шара қолданылатыны белгілі болды. Бұл туралы заң шығару мәселелері жөніндегі сарапшы әрі Алматының атмосфералық ауасын қорғау қағидаларын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Ерлан Бұзырбаев түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, техникалық зерттеу барысында көліктің шығарындылары белгіленген нормативтерден асып кеткен жағдайда жүргізушіге бірден айыппұл салынбайды.

Егер көлік экологиялық тексеруден өтпесе, оның иесіне ешқандай айыппұл салынбайды. Ақпараттық жүйеде көліктің техникалық зерттеуден өтпегені туралы белгі қойылады. Осыдан кейін оған төмен шығарындылар аймағында жүруге тыйым салынады, – деді Ерлан Бұзырбаев.

Сарапшының сөзінше, әкімдік LEZ аймағының нақты шекарасын бекіткеннен кейін бақылау автоматты түрде жүзеге асырылады. Арнайы камералар экологиялық талаптарға сәйкес келмейтін көліктердің аймақ ішінде жүргенін анықтайды.

Егер камералар тексеруден өтпеген немесе талаптарға сәйкес келмейтін көлікті анықтаса, бұл әкімшілік құқық бұзушылық болып саналады. Алғаш рет тіркелген жағдайда жүргізушіге ресми ескерту жіберіледі, – деді ол.

Ерлан Бұзырбаев қайталанған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылатынын айтты.

Бірінші рет ескерту беріледі. Егер көлік иесі талаптарды орындамай, көлікті қайтадан пайдаланса, келесі жолы әкімшілік айыппұл салынуы мүмкін, – деді сарапшы.

Сонымен қатар ол жүргізушілерге көлікті жөндеп, қайта тексеруден өту мүмкіндігі берілетінін атап өтті.

Егер көлік иесі ақауларды жойып, көлігін тиісті техникалық жағдайға келтірсе, қайта тексеруден өте алады. Қажет болған жағдайда алдын ала өз бетінше тексеру жүргізуге де мүмкіндік болады, – деді Ерлан Бұзырбаев.

Оның айтуынша, қайталама тексеруден сәтті өткен көліктің мәртебесі ақпараттық жүйеде жаңартылады.

Көлік барлық талаптарға сай деп танылса, оның мәртебесі өзгереді және иесі көлікті ешқандай шектеусіз әрі айыппұл қаупінсіз пайдалана алады, – деп түсіндірді сарапшы.

Осылайша, жаңа жүйенің мақсаты жүргізушілерді жазалау емес, көліктердің техникалық жағдайын жақсартып, Алматыдағы ауа сапасын арттыруға ынталандыру болып отыр.

Еске салсақ, Алматыда ауа ластайтын көліктер қатаң бақылауға алынады. 1 қыркүйектен бастап Алматыда көліктердің зиянды шығарындылары жеке тексеріледі.

Тағы оқи отырыңыз: «Ескі көліктерге тыйым салынбайды»: Сарапшы Алматыдағы жаңа экологиялық талапқа қатысты пікір білдірді