Алматыда көлік тұрағының ақысы қымбаттайды
Алматыда коммуналдық ақылы автотұрақтардың тарифі қайта қаралады. Қалалық мәслихат отырысында тұрақ ақысының мөлшерін әр ауданның көлік жүктемесіне қарай белгілеу ұсынысы қаралды. Қала билігі бұл бастама бос тұрақ орындарының санын арттырып, көлік қозғалысы ең тығыз көшелердегі жүктемені азайтуға көмектеседі деп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әкімдік мәліметінше, қазіргі таңда ақылы тұрақтың құны сағатына 100 теңге және бұл тариф соңғы он жыл бойы өзгермеген. Осы уақыт аралығында Алматыдағы көлік саны 1 миллионнан асып, жолдар мен автотұрақтарға түсетін салмақ айтарлықтай көбейген.
Қалалық мобильділік басқармасының басшысы Ержан Диханбаевтың айтуынша, бүгінде барлық аумақта бірдей тариф қолдану өз тиімділігін жоғалта бастаған. Әсіресе қала орталығында бос тұрақ табу қиындап, жүргізушілер орын іздеп ұзақ жүруге мәжбүр. Бұл өз кезегінде көшелердегі көлік ағынын арттырып, жол қозғалысына қосымша қиындық туғызады.
Осыған байланысты тұрақ ақысын сұраныс деңгейіне қарай саралап белгілеу ұсынылды.
Жобаға сәйкес, көлік қозғалысы салыстырмалы түрде аз аудандарда тариф өзгермейді және сағатына 100 теңге болып қалады. Орташа жүктемесі бар аймақтарда тұрақ ақысы 150 теңгеге дейін көтеріледі. Ал көлік көп шоғырланатын, бос орын тапшы көшелерде сағатына 200 теңге төлеу қажет болады.
Сонымен қатар ақылы автотұрақ аймағында тұратын тұрғындар үшін қолданыстағы жеңілдіктер сақталады. Арнайы рұқсаты бар тұрғындар үйінің маңындағы тұрақ орындарын бұрынғыдай тегін пайдалана алады.
Алматы қаласы мәслихатының депутаттары бұл ұсынысты бірауыздан қолдады.