Алматыда көлік қозғалысы шектеледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 30-31 тамызда халықаралық Tour of Almaty-2019 кәсіби веложарысы өтеді. Екі жыл бұрын жарыс көпкүндік мәртебесін алды, деп хабарлады Велоспорт федерациясының баспасөз қызметі.
"Tour of Almaty-2019 ұйымдастырушылары қала тұрғындарының тілектерін ескеріп, жарыстың алғашқы кезеңінің бағытын өзгертіп, қаланың көлік қозғалысы көп орталық көшелерімен жүрмейтін болды. Екі күн – 30-31 тамыз Алматының жолдары шабандоздар жүріп өткенше, тек уақытша ғана жабылады. Пелотон белгілі бір көшені жүріп өткеннен кейін бірден қозғалыс қайта жанданатын болады", - делінген таратылған ақпаратта.
Осы жолы қаланың орталық көшелерінде көлік кептелісін туғызбау үшін Tour of Almaty велододасының алғашқы кезеңі «Индустриалды парк» аумағында өтеді. Бұл қаладағы қозғалыстың шектелуін барынша төмендетеді.
"30 тамыз жарыс сағат 12:00-де "Алматы Аренадан" басталады. Шабандоздар солтүстік бағытта Момышұлы көшесімен, эко-бекетке дейін барады. Ол жерде көлік қозғалысы 11:45-тен 12:15-ке дейін шектеледі. Кейіннен пелотон бұрылып, «Индустриалды парк» аумағына кіреді. Ол жерде 7 айналым жасап, шамамен сағат 15:00-ге дейін болады.Соңғы айналым аяқталғаннан кейін велесебедшілер Момышұлы, Мөңке би, Универсиадная көшелерімен "Алматы Аренаға" қайта оралады. Аталған көшелерде көлік қозғалысы 14:15-15:15 уақыт аралығында шектеледі. Жүргізушілерге Солтүстік айналма жолмен жүруге кеңес береді", - делінген таратылған ақпаратта.
Tour of Almaty-2019 жарысының 2-кезеңі 31-тамыз күні сағат 11:00-ден 15:30-ға дейін өтеді.
"Велодода «Халық Аренаның» Талғар трактісі жағынан басталады. Бұл ауданда уақытша автокөлік қозғалысы 10:45-11:05 аралығында шектеледі. Одан әрі Халиуллин көшесіндегі жолайрықтан шабандоздар Шығыс айналма автокөлік жолымен жоғары жүреді. Әл-Фараби даңғылына жеткеннен кейін пелотон батысқа қарай Мұстафин көшесіне дейін жүреді. Содан кейін Халиуллин көшесіндегі жолайрыққа қайта келіп, 4.5 айналым жасайды. Жарыстың финалдық бөлігі Президенттік саябақ пен «Медеу» мұз айдыны арасында өтеді. Көлік қозғалысы 11:15-15:30 аралығында шектеледі. Қала тұрғындары мен қонақтарына осы уақыт аралығында Құлжа трактісі, Назарбаев даңғылы, Сейфуллин даңғылы және Жароков көшелерімен жүруге кеңес береді", - делінген таратылған ақпаратта.
Алғашқы күні шабандоздар Индустриалды парк аумағында 118,6 шақырым жарыс жолын жүріп өтеді. Екінші күні жарыс бұрынғы бағыт бойынша өтеді. 160 шақырымдық кезең «Медеуде» өз мәресіне жетпек.