Алматыда көкжөтел ауруы жиіледі
Мегаполисте бес айдың ішінде 62 бала көкжөтелмен ауырған, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлы мәлімдеді.
2024 жылдың бес айында 14 жасқа дейінгі екпе алмаған балалар арасында көкжөтелдің 62 расталған жағдайы тіркелді. Ошақтарда байланыста болған 334 адам тексерілді, олар індет жұқтырмаған. Байланыста болғандарды емханалардың медицина қызметкерлері бақылауға алды, - дейді Қасымхан Алпысбайұлы.
Ведомствоның айтуынша, көкжетелге қарсы екпе алу аурудың алдын алуға мүмкіндік береді.
Көкжетелмен ауырған балада қарапайым суықтың белгілері пайда болады: мұрынның ағуы, безгек, қалыпты жөтел. Бірте-бірте жөтел күшейіп, ұстамалы жөтелге айналады. Осы әлсірететін жөтел ұстамасы кезінде мидың қан айналымы бұзылады, оттегі ашығуы нәтижесінде психиканың бұзылуы және әртүрлі дәрежедегі ақыл-ой кемістігі пайда болады. Көкжөтелден қорғаудың жалғыз сенімді және тиімді әдісі — вакцинация, - деді Қасымхан Алпысбайұлы.