Алматыда көктайғақ болады
Алматылық көлік иелеріне жазғы шиналарды қысқы шиналарға ауыстыру ұсынылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Қазгидромет» РМК болжамы бойынша, 31 қазаннан 1 қарашаға қараған түні Алматы қаласында жауын-шашынның соңы қарға ауысады деп күтілуде. Түнде ауа температурасының төмендеуі -3 градусқа дейін болады, көктайғақ болжанады.
Коммуналдық қызметтердің көктайғаққа қарсы жұмыстарды жедел және сапалы жүргізуін қамтамасыз ету мақсатында автокөлік иелерінен мүмкіндігінше қала бойынша қозғалысты шектеуді сұраймыз.
Жолдардың жүріс бөлігінде мұз қабаты пайда болуы мүмкін. Сондықтан жүргізушілер қозғалыс жылдамдығын төмендетіп, автомобильдер арасындағы қашықтықты сақтауы қажет. Апаттар қаупінің жоғарылауын ескере отырып, кенеттен маневр жасаудан аулақ болу керек. Жаяу жүргіншілер де мұз қабығының пайда болуына байланысты тротуарларда жүргенде абай болу керек, - деп ескертті Коммуналдық даму басқармасы.
Ведомство мәліметінше, көктайғаққа қарсы жұмыстарды жүзеге асыру үшін Алматы қаласының инфрақұрылымына 10 мердігер ұйым, 818 бірлік техника және 1 240 жол жұмысшы тартылды. 76 тонна көктайғаққа қарсы материалдар дайындалды.
Биыл техниканы жаңарту және еңбекті механикаландыру мақсатында 101 бірлік техника сатып алынды. Барлық техника әмбебап болғандықтан, қыста да, жазда да қолданылады.