Алматыда көгалдандыру мен абаттандыруға жауапты бірыңғай орталық құрылмақ
Алматы қаласында жасыл желек пен жайлы қала ортасын қалыптастыруға жауапты бірыңғай кәсіпорын құрылатын болды. Бұл тапсырманы қала әкімі Дархан Сатыбалды "Таза Қазақстан" жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында өткен жұмыс кеңесінде берді, деп хабарлайды BAQ.KZ Алматы қаласы әкімдігіне сілтеме жасап.
Жаңа орталықтың негізгі міндеті – көгалдандырумен жүйелі түрде айналысу, проблемалық аумақтарды өз бетінше анықтау және жедел әрекет ету. Кәсіпорын мамандары қаланы аралап, экологиялық жағдайды тұрақты түрде бақылап отырады.
Биыл үшінші тоқсаннан бастап Алматыда тазалық пен көгалдандыруға бағытталған 30-ға жуық шара ұйымдастырылып, оларға 3 мыңнан астам тұрғын қатысқан. TazaQazBot онлайн платформасы арқылы тұрғындардан 4 мыңнан астам өтініш пен ұсыныс келіп түскен.
Жүргізілген түгендеу нәтижесінде 16 мыңнан астам қураған және апатты жағдайдағы ағаш анықталып, олардың 5 мыңнан астамы санитарлық талаптарға сай кесіліп, жойылды.
Қалада автоматты суару жүйелерінің де жағдайы тексеріліп, 56 учаскеде ақау анықталды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта күшейтілмек.