Алматыда климаттың өзгеруі мәселесі талқыланды

Алматыда сарапшылардың қатысуымен «Орталық Азиядағы климаттық өзгерістердің әсерін ескеріп, төмен көміртекті дамуға арналған өңірлік ынтымақтастық» атты екінші форум өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан экология ұйымдарының қауымдастығы Германия үкіметімен бірлесіп, аталған форумды ұйымдастырды. 
Жобаның мақсаты – төмен көміртекті саясатта тәжірибе және білім алмасу, үздік тәжірибелерді көрсету, климаттың өзгеруінің әсерін ескеріп, өңірде көміртекті бейтараптықты одан әрі ілгерілету. 
 

Премьер-министр Әлихан Смайылов әлемдік көшбасшылар саммитінде (SOR27) сөз сөйлеп, климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі негізгі басымдықтарды атап өткен:

Жыл соңына дейін төмен көміртекті даму стратегиясын қабылдау;
2030 жылы Қазақстан өндірісіндегі «жасыл» энергиясының үлесін 3%-дан 15%-ға дейін ұлғайту;
2030 жылы парниктік газдар шығарындыларының 15%ға төмендету;

Жаңартылатын энергия көздері мен «жасыл» технологияларды дамытудың өңірлік орталығын құру;

2025 жылға дейін елімізде 2 млрд-тан аса ағаш отырғызу.
Іс-шарада жоғарыда аталған мәселелерге қатысты сарапшылар мен мамандар пікір білдірді.

Форумның алғашқы күні Орталық Азия елдерінде қабылданған саяси ұстаныммен таныстыру әрі пленарлық және секциялық отырыстар өтті: Орталық Азиядағы ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы және басқа да жер пайдалану (AFOLU) секторындағы өңірлік ынтымақтастық шеңберінде климаттың өзгеруінің әсерін ескеріп, төмен көміртекті даму үшін қаржыландыруды күшейту және ынталандыруды құру.
Екінші күні азаматтық сектор өкілдері мен халықаралық ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен семинарлар ұйымдастырылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы