Алматыда "Кітап оқитын ұлт" жобасы жаңа қарқында жүзеге асады
«Кітап оқитын ұлт» жобасының маңызы тереңдеп келеді. Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ Әдебиет порталына сілтеме жасап.
Құжат елдегі кітап оқу мәдениетін жаңа деңгейге көтеруді және өскелең ұрпақтың рухани әлеуетін арттыруды көздейді. Сонымен бірге, ұлттық мұраға құрмет, жауапкершілік және білімге құштарлық сияқты асыл қасиеттерді қалыптастыру.
Бірлескен жұмыс аясында оқырмандарға ұсынылатын әдебиеттерге тереңірек сараптама жүргізілмек. Нақты айтқанда қалың оқырманның жас ерекшелігі, әр буынның танымына лайықты әлемдік және отандық классиканы іріктеу. Сыни ойлауды және адамгершілікті дәріптейтін шығармаларға басымдық беру секілді құндылықтар жүйесін қалыптастыру. Сондай-ақ, конкурстық материалдарды, эссе тақырыптары мен тест сұрақтарын кәсіби педагогтар және кітапханашылардың қатысуымен әзірлеп, әдістемелік қолдауды нақтылау.
«Кітап оқитын ұлт» жобасы бүгінде өзінің тиімділігін іс жүзінде дәлелдеп келеді. 2025 жылдың қыркүйегінен бастап Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында пилоттық режимде енгізілген бастамаға қазірдің өзінде 189 мыңнан астам адам қатысуда. Жоба биыл Қазақстанның барлық 20 өңірін қамтып, қатысушылар саны 1 миллионнан асады деп күтілуде.
Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана директоры Алия Сайдембаеваның айтуынша, бұл серіктестік мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың күш біріктіруінің үлгісі болмақ. Ал қордың Қамқоршылар кеңесінің мүшелері Айман Мырзахметова мен Мақбал Құсаинова кітап оқудың ұлттық бәсекеге қабілеттілікке тікелей әсер ететінін, сондықтан бұл бастамаға бизнес пен қоғам өкілдерінің қолдау көрсетуі маңызды екенін атап өтті.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасы аясында жүзеге асырылып жатқан ауқымды жоба тек кітап оқу ғана емес, бұл зияткер ұлт қалыптастырудың төте жолы. Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры игі іске серпін беріп, қазақстандықтардың рухани жаңаруына елеулі үлес қосуды мақсат етіп отыр.