30 елдің мұнай-газ компаниялары Алматыда бас қосады
30 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Алматыда «Мұнай және газ» – KIOGE 2026 30-шы мерейлі халықаралық конференциясы мен көрмесі өтеді. Мерейтойлық іс-шара мұнай-газ және энергетика саласының өкілдерін бір алаңға жинап, Қазақстанның жаһандық энергетикалық нарықтағы рөлі, ірі жобаларды дамыту және жаңа технологияларды енгізу мәселелерін талқылауға мүмкіндік береді.
Іс-шараға Энергетика министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі, «KAZENERGY», «ҚазМұнайГаз», PSA, IMBC, Energy Monitor, KazService және Petrocouncil ресми қолдау көрсетеді.
KIOGE: 30 жылдық кәсіби диалог алаңы
Отыз жыл ішінде KIOGE мұнай-газ саласындағы негізгі кәсіби алаңдардың біріне айналды. Конференция мен көрме мемлекеттік органдарды, ұлттық және халықаралық компанияларды, ірі жобалардың операторларын, жабдық өндірушілерін, технология жеткізушілерін және мұнай сервистік ұйымдарды біріктіреді.
Биыл KIOGE халықаралық қатысу аясын кеңейтеді. Көрмеге Қазақстан, Әзербайжан, Австрия, Ұлыбритания, Германия, Үндістан, Италия, Қытай, Малайзия, Нидерланд, БАӘ, Оман, Ресей, Румыния, Сауд Арабиясы, Сингапур, АҚШ, Түркия және Өзбекстанды қоса алғанда, 30 елден 500 компания қатысады.
Іскерлік бағдарламаның негізгі бөлігі – 30 қыркүйек пен 1 қазан күндері өтетін 30-шы KIOGE халықаралық конференциясы. Биылғы конференция «Мегажобалардан нарықтардағы көшбасшылыққа: Қазақстан жаһандық энергетикалық теңгерімде» тақырыбына арналады.
Қазақстанның энергетикалық нарықтағы рөлі талқыланады
Конференция барысында әлемдік энергетикалық нарықтың өзгеріп жатқан архитектурасындағы Қазақстанның стратегиялық рөлі, ірі мұнай-газ және энергетикалық жобаларды дамыту, халықаралық технологиялық ынтымақтастық және заманауи шешімдерді енгізу мәселелері қаралады.
Конференцияның алғашқы күні саланың негізгі бағыттарын қамтиды. «Жаһандық интеграция: Қазақстанның жаңа энергетикалық тізбектердегі рөлі» пленарлық отырысында Қазақстанның 2030 жылдан кейінгі кезеңдегі жаһандық энергетикалық күн тәртібіндегі орны, халықаралық технологиялық әріптестік және стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбалар мәселелері талқыланады.
Сонымен қатар жекелеген сессиялар интеллектуалды upstream, геологиялық барлау жұмыстарын дамыту және жасанды интеллектіні қолдану, экспорттық логистика мен тасымал бағыттарының геосаясаты, мұнай-газ саласын цифрлық трансформациялау, ESG және төмен көміртекті даму мәселелеріне арналады. Мұнай-газ машина жасау және мұнай-химия салалары да күн тәртібінен орын алады.
Конференцияның екінші күні газ саласы мен газ химиясын дамыту, ұзақ мерзімді энергетикалық қауіпсіздік, энергетикалық теңгерім және салалық саясат мәселелеріне бағытталады.
Көрме жаңа технологиялар мен іскерлік байланыстарға жол ашады
KIOGE 2026 көрмесінде компаниялар өздерінің технологиялық шешімдерін, практикалық кейстерін, сатып алу бағдарламаларын және мұнай-газ секторымен ынтымақтастық мүмкіндіктерін таныстырады.
Экспозиция заманауи технологияларды көрсетуге, тәжірибе алмасуға және жаңа іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік беретін алаңға айналады.
Осылайша, KIOGE 2026 халықаралық көрмені, кәсіби тәжірибе алмасуды және жоғары деңгейдегі стратегиялық диалогты бір алаңда тоғыстырады. Мерейтойлық іс-шара мұнай-газ және энергетика кешенінің даму перспективаларын талқылауға, жаңа технологияларды таныстыруға, іскерлік байланыстарды дамытуға және халықаралық ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын қалыптастыруға мүмкіндік береді.