Алматыда кене энцефалиті және Лайм ауруымен сырқаттану көрсеткіші артты
Қалада жыл сайын кене энцефалитін жұқтыру жағдайлары тіркеледі. Медициналық ұйымдарға жыл сайын кене шағумен 3 мыңнан астам адам жүгінеді, деп хабарлайды BAQ.KZ inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Эпидемиялық маусымның басынан бастап ағымдағы жылдың 13 қазанына дейін Алматы қаласының медициналық ұйымдарына кенелер шағуына байланысты 3068 адам жүгінді, оның ішінде балалар саны - 1513. 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда тұрғындардың кене шағуы бойынша жүгінуінің 23,5% - ға артқаны байқалады (2021 жылы - 2344 жағдай/оның ішінде балалар саны-1260). Кене шағуынан зардап шеккен 3066 адамға серопрофилактика жүргізілді (99,9%), – деп хабарлады Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.
Биылғы жылдың 9 айында барлығы 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіші 0,33 құрайтын кене энцефалитінің зертханалық расталған 7 жағдайы тіркелді, 2021 жылдың ұқсас кезеңінде кене энцефалитінің жағдайлары болған жоқ.
100 мың тұрғынға шаққанда аурушаңдық көрсеткіші 0,42 құрайтын Лайм ауруының (кене боррелиозының) 9 жағдайы тіркелді, бұл көрсеткіш 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2,8 есе жоғары (3 жағдай, көрсеткіш-0,15).
Кене энцефалитімен және Лайм ауруымен (кене боррелиозымен) ауырғандар медициналық көмек алу мақсатында травматологиялық пункттерге уақтылы жүгінбеген, тиісінше кенеге қарсы иммуноглобулин алмаған, сондай-ақ профилактикалық мақсатта бұрын кене энцефалитіне қарсы екпе алмаған. Диагноз қойылғаннан кейін барлық науқастар қаладағы стационарларда нақты ем алды, нәтижесінде сауығып кетті, – деп хабарлады комитетте.
Сонымен қатар, кенелермен тасымалданатын аурулардың спецификалық емес профилактикасы мақсатында қала аумағында 2424,54 га алаңда акарицидтік өңдеу жүргізілді. Елді мекендердің саябақ және орман аймақтары, адамдардың демалатын және жаппай болатын орындары өңделді.
Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті кене энцефалитінің алдын алудың негізгі шарасы вакцинация екенін еске салады. Вакцинациялау курсы 1-7 ай аралығындағы екі вакцинадан тұрады. Кене энцефалитіне қарсы егуді жыл бойы алуға болады, бірақ вакцинациялауды екінші егу сәтінен бастап кенені кезіктіруге дейін кемінде 2 апта өтетіндей етіп жоспарлау керек. Ең оңтайлы кезең - бірінші және екінші вакцинациялау арасындағы интервал 5-7 ай (бірінші егу күзде, екіншісі көктемде).
Вакцинациялауды күзде бастау керек, өйткені эпидемиялық маусымның басында адам ағзасы иммундық қорғанысты дамытады және қауіпті инфекцияға қарсы тұра алады. Тұрақты иммунитет үшін бір жылдан кейін үшінші екпені жасау керек. Содан кейін иммунитетті сақтау үшін үш жыл сайын ревакцинациялау жүргізу қажет. Қалада егуді тұрғылықты жері бойынша (немесе тіркелген жері бойынша) аумақтық емханаларда дәрігердің кеңесінен кейін тегін алуға болады, – деп жазылған хабарламада.
Вакцина алған адамдар ауырған жағдайда ауру жеңіл түрде өтеді және салдары аз болады. Уақтылы вакцинациялау сізді және жақындарыңызды кене энцефалиті ауруынан қорғайды.