Алматыда кәсіпкерлердің «Ұлттық өнім» көрмесі ашылды
Алматыда 7-ші «ULTTYQ ÓNIM» көрмесі өтіп жатыр. Онда еліміздің түкпір-түкпірінен келген 320-ға шағын және орта бизнес өкілдері отандық тауарлар мен қызметтерді ұсынды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін «Атакент» іскерлік ынтымақтастық орталығының 11 павильонында «ULTTYQ ÓNIM» көрмесі ашылды. Ол 7 мамырға дейін жалғасады. Айтылған іс-шара Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ ұйымдастыруымен өтіп жатыр.
Ауқымды көрменің ашылуына Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев қатысты. Ерұлан Кенжебекұлы құттықтау сөзінде кәсіпкерлікті дамыту басымды бағыт ретінде ұлттық экономиканың тұрақты дамуының маңызды факторы екенін атап өтті.
Еліміз 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын жүзеге асыруда. Стратегиялық мақсат – 2025 жылға қарай ЖІӨ-дегі ШОБ үлесін 35%-ға, 2030 жылға қарай 40%-ға дейін арттыру. Ұлттық жоба аясында пайыздық мөлшерлемелер субсидияланады, несиелерге кепілдік беріледі. Басқа бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несиелер мен әртүрлі қолдау шаралары ұсынылады. Азаматтардың кәсіпкер ретінде қалыптасуына жағдай мен мүмкіндіктер жасау - нақты мақсаттарға қол жеткізу жолындағы шынайы қолдау екені сөзсіз. Осы мақсатта кәсіп ашу және дамыту бойынша кешенді шаралар жүргізілуде. Осы саладағы мемлекеттік саясаттың жолбасшысы, бизнестегі сенімді серіктес - «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ екені анық. Осы жылдар ішінде жалпы ішкі өнімдегі кәсіпкерліктің үлесі артты, бұл бірлескен жұмыстың нәтижесі, – деді Жамаубаев.
Көрмеде азық-түлік, киім-кешек және аяқ киім, жиһаз, құрылыс материалдары, машина жасау жабдықтары, химия өнеркәсібі өнімдерін шығаратын және басқа да көптеген кәсіпорын өз өнімдерін ұсынып отыр.
Алматы қаласындағы көрмеге бірінші рет қатысып отырмыз. Бұған дейін Астана қаласындағы көрмелерге қатыстық. Біз Орал қаласынан келіп отырмыз. Кәсіп орнымыз Кеңес кезінен жұмыс істеп келеді. Біз өрт сөндіру техникасы, жүк көліктері, камаз, газель, автобустарды құрастырып шығарамыз. Экспорт Ресейге шығарылады. Кәсіп орында 200-ден астам адам жұмыс істейді, –дейді «УральскАгроРемМаш» маманы Асхат Сармулдин.
Көрменің ашылу салтанатына Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрайымы Гаухар Бурибаева, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, екінші деңгейлі банк төрағалары, кәсіпкерлер қатысты.
Көрмеге келген кәсіпкерлер өз өнімдерін ұсынып, тұтынушыларды табуға, ел экономикасын дамытуға күш салатынын атап өтті.
Көрмеге қатарынан 7-рет қатысып отырмыз. Жыл сайын өз өнімдерімізді өзгелерге таныстырамыз. Өндірісіміз Талдықорған қаласында орналасқан. 2008 жылдан бастап үлкен жөндеу жұмыстарынан өтті. Бізде әлемдік стандарттарға сәйкес жаңа құралдар да бар. Өнімдерімізді елімізден бөлек ТМД, Германия, Еуропа елдеріне импорттаймыз. Аккумуляторлармыз шетелдік өнімдерге қарағанда сапасы, бағасы жағынан өте тиімді. Кәсіп орында мыңнан астам жұмыс істеуде, – дейді «Қайнар АКБ» компаниясы маманы Ерлан Шарипов.
Өз кезегінде «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев аталған көрме отандық тауар өндірушілерінің өз өнімдерін көрсететін бірегей алаңға айналғанына сенімді екенін атап өтті.
Көрмеге қатысушы кәсіпкерлер жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, өз өнімдерін сыртқы нарыққа шығаруда. Бұл Қазақстан экономикасының одан әрі дамуына қосатын зор күш-қуаттың белгісі. Қазіргі таңда еліміздің әрбір азаматының өз ісін ашуға толық мүмкіндігі бар. Мемлекеттік қолдау әрбір қазақстандыққа қолжетімді. Отандық өнімді қолдап, еліміздің дамуына бірге үлес қосайық!, – деді Шарлапаев.
Кәсіпкерлер отандық өнімді дамыту мақсатында қарқынды жұмыс жасап жатқандарын атап өтті. Сондай-ақ жас мамандарды жұмыспен қамту мақсатында іргелі шаралар атқарылғанын да айта кетті.
Көрмеге жыл сайын қатысып келеміз. Еліміз бойынша магистральді мұнай және газ құбырлары желілерін жасап шығарамыз. Кәсіп орнымыз Алматы облысында орналасқан, 600 адам жұмыспен қамтылған. Өнімдерімізге ұсынысты қазақстандық тауар өндірушілері қолданады. Елімізде соңғы жылдары кәсіпорындарға қарқынды қолдау білдіруде. Осындай көрмелердің арқасында өндірісімізге қызығушылық танытатындар саны артты. Биыл жас мамандарды да жұмыспен қамтып, кәсіпорынның көлемін арттырып отырған жайымыз бар, – дейді «Қазақстан құбыр арматура зауыты» ЖШС маманы Залина Сапарғалиева.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шара оң шешімді нәтижемен қоса шағын және орта бизнестің одан әрі дамуына жаңа серпін береді. Бұл ішкі ғана емес, сыртқы нарықта да сұранысты қамтамасыз етеді.