Алматыда карантин шараларын сақтамаған бірнеше нысанға ескерту жасалды
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Алматы қаласы Әуезов ауданы бойынша кәсіпкерлік субъектілерінің карантин шараларын сақтауын бақылау жөнінде мониторинг тобының кезекті сапары өтті.
Мониторинг тобы қаладағы азық-түлік базарлары, дәмхана және киім-кешек сататын сауда орындарын аралап, ондағы карантин шараларының сақталуына бақылау жүргізді.
Тексеріс кезінде олқылықтар да кездесті. Мәселен, Абай даңғылы бойында орналасқан дәмхананың бірінде санитайзер бүлінген. Мониторинг тобы мекеме әкімшілігіне оны тез арада жөндеп, іске қосуды тапсырды. Сондай-ақ киім-кешек сататын базардың кіре берісінде сусын сатып тұрған адамның қолында қолғабы болмады.
Сатушы "қолғабым бар" деп іздегенімен, оны көрсете алмады. Оған да ескерту жасалды. Мониторингті топ тексеріс барысында кәсіпкерлер мен сауда орталығының әкімшілігіне сақтық шараларын тағы да түсіндіріп, инфекцияның таралуы әлі де сейілмей тұрғанын айтты.
Жалпы бүгінгі тексеріс кезінде карантин нормаларын өрескел бұзғандар болмады. Базар, сауда үйі және дәмханаға кірерде адамдардан маска тағуын жіті тексеріп жатыр.
Әуезов ауданы бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапа қауіпсіздігін бақылау басқармасының анитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы Салтанат Бөпежанова 18 сәуірден бастап қаладағы нысандардың жұмысын тексеруді бастағандарын айтады. Яғни, кәсіпорындардың жұмысын қайта жандандыру үшін алдымен олардың дайындығын тексерген.
Алдымен үлкен зауыттар, өндіріс орындарын тексеруді бастадық. Қазір балабақшалардың дайындығын тексеруді қолға алып жатырмыз. Оған дейін ТЖО, дәмханалар, сән салоны және тағы басқа мекемелерді тексеріп, оларға жұмыс істеуге рұқсат берілді. Әуезов ауданында 351 нысанды тексердік, оның бәрі жеке кәсіпкер. Соның 32-не рұқсат берілмеді. Қазір 3 мониторингті топ осы жұмыс істеп жатқан нысандарда карантин шаралары қалай сақталып жатқанын күнделікті тексеріп жүрміз. Кемшіліктер анықталған жағдайда ескерту береміз, егер ереже өрескел бұзылса ол мекеменің жұмысын тоқтатамыз. Яғни, олар сол кемшіліктерді қалпына келтіріп, дайын бойлмайынша ашылмайды,-дейді ол.
Оның айтуынша, кәсіпкерлердің көпшлігі шамаларынша нормаларды орындап жатыр. Осы уақытқа дейін мониторингті топ 220 нысанға тексеріс жүргізіпті.
Осы уақытқа дейін 22 нысанға өз еркімен жабу жөнінде талап қойылды, олар қазір карантин талабына сай дайындалуда. Норманы өрескел бұзған 4 нысанға қатысты әкімшілік іс қозғалды. Яғни, 1 тамақтану және 3 сауда орнына қатысты іс прокуратурада қаралып жатыр, - дейді Салтанат Бөпежанова.
Сөз арасында ол карантин нормаларын көбінде шағын кәсіпорындар бұзатыны айтты.
Олар маска, қолғап және санитайзерлері бола тұра оны қолдана бермейді. Келген кезде бар деп көрсетеді, бірақ қолданбайды. Сондықтан ондай нысандарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тура келеді. Ол қорғаныш заттары тексерушілер үшін емес, алдымен өздерінің қорғанысы үшін қажет. Инфекцияның ары қарай таралып кетпесі үшін әркім өз денсаулығына жауап беруі керек, - дейді ол.