Алматыда карантин шаралары қалай сақталып жатыр?

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Коронавирус пандемиясына байланысты жабылған кәсіпорындар мен сауда нысандары кезең-кезеңімен жұмыстарын қайта бастап жатыр. 

Мемлекеттік комиссия алғаш 20 сәуірден бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында жұмысын қайта бастайтын қызмет түрлерін бекіткен еді. 


Одан кейін карантиндік шектеулер біртіндеп жеңілдетіліп азық-түлік емес сауда орындарына, дәмханаларға, саябақтар мен мешіттердің жұмысы қайта жанданды.


Бүгін адамдар көп жүретін дәмханалар мен сауда орындарында сақтық шаралары қаншалықты сақталып отырғанын тексеріп көрдік. 


Алдымен қаладағы "Сары-Арқа" азық-түлік базарына барып, ондағы жағдаймен танысып көрдік. 


Ол жерде адам көп болғанына қарамастан сақтық шаралары қатаң сақталған. 


Базардағы бір есік кіруге, екіншісін шығуға ыңғайлап қойыпты. 


Кіреберістегі күзетші бұл шара адамдардың әрі-бері сапырылысып кетпеуі үшін қолға алынғанын айтты. 


Базарға кірмес бұрын күзетші алдымен адамдардың дене қызуын термометрмен тексеріп, қолдарын антисептикпен сүртуін нұсқайды. 


Келушілердің бірен-сараны болмаса көпшілігі маска таққан. 


Осы базарда он жылдан бері көкөніс сатып келе жатқан Мәдина Сәрсенбекова барлық санитарлық нормаларды орындап отырғанын айтты.


Өзіміздің және клиенттердің қауіпсіздігі үшін сақтық шараларын ұстанып отырмыз. Антисептик, қолғап, масканы пайдаланып келеміз. Әр үш сағат сайын қолғап пен масканы ауыстырып тұрамыз және оны арнайы қоқысқа тастаймыз. Бұл жер өзіміздің нанымызды тауып отырған орын болғандықтан әрине тазалықты сақтауға тырысамыз. Оның үстіне базар әкімшілігі де жіті тексеріп, қадағалап отырады, - дейді сатушы.

Одан шығып "Құмшекер" дәмханасына бас сұқтық. 


Ол жерден қаптаған адам нөпірін байқамадық. 


Дегенмен, ондағы жағдай да көңілден шықты. 


Үстелдер арасында екі метр қашықтық сақталыпты. 

Кіреберісте бір қызметші адамдардың дене қызуын тексеріп, маскасы жоқтарға маска таратып тұр. 

Өзін дәмхана әкімшісімін деп таныстырған Жәмила Асыланқызы жұмысшылардың маска, қолғап кию режимін қатаң ұстанып отырғанын айтты. 


Дәмханада тазарту жұмыстары жиі жүргізіліп тұрады. Үстелдерді диохлорлы ертіндімен сүртіп отырамыз. Тамақтануға келгендерді де маскамен кіргіземіз, маскасын тек тамақтанған кезде ғана шешеді. Ал кезекте тұрғанда маска тағуы керек. Бізде 15 адам жұмыс істейді. Әр үш сағат сайын маска, қолғапты ауыстырып отырады. Жеке қорғаныш құралдары жеткілікті деңгейде бар, - дейді ол.

Сонымен қатар, ол карантиндік жағдайға байланысты дәмханаға келушілер қатары 60-70% кемігенін айтты.

Адамдардың көпшілігі үйінде немесе кеңселерінде тамақтануды қалайды. Өйткені бұрынғыдай адамдар келгенді қойды. Көпшілігі тамақты өздерімен бірге алып кетіп жатыр, - дейді дәмхана әкімшісі.

Расымен де біз барған кезде дәмханада адам қарасы аз болды, тек екі үстелде ғана адамдардың тамақтанып отырғандарын байқадық. 


Дәмханадан шыққан соң киім-кешек сататын базар мен автокөлік саймандарын сататын сауда орталығына бет бұрдық. 


Киім-кешек базарында адам аз екен. 





Онда да күзетші алдымен адамдардың дене қызуын тексеріп кіргізеді. 


Одан бөлек, әр бутиктің кіреберісіне антисептик қойылған.


Ал, көлік сайманын сататын сауда орталығына келушілер қатары көп екен. 


Дегенмен, сақтық шараларын қатаң ұстанып отыр. 


Күзетшілер тек маска таққандарды ғана кіргізеді. 


Сатушылар да қолғап, маска таққан. 


Жабық ғимарат болғандықтан жиі желдетіліп, тазалық жұмыстары жүргізіліп тұрады. 


Қаланы аралап шығып түсінгеніміз, адамдар далада, ашық жерде маскасыз жүргенімен жабық ғимараттарға, адам көп шоғырланған жерге маскамен кіруді ұйғарады екен. 


Жалпы карантин шаралары жеңілдетілгенімен қалада вирустың таралуы әлі сейілген жоқ. 


Оны қаланың бас санитары да, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы да әр жиын сайын айтып келеді. 


"Сақтансаң сақтаймын" дегендей әр адам өз денсаулығына жауапты болу керек. 

Яғни, қауіпсіздік шараларын ұстану алдымен тұрғындардың өзіне қажет.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Қорыққан – бойға құт
Өзгелердің жаңалығы