Бүгiн 2026, 08:11 Фото: BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

"Жеңіл табыс" ұсынысы қылмысқа апаруы мүмкін – ІІМ ескерту жасады

ІІМ мұндай әрекеттерге байқамай қатысудың өзі құқықтық салдарға әкелуі мүмкін екенін атап өтті.

Ішкі істер министрлігі интернет алаяқтары жасөспірімдерді заңсыз қаржылық схемаларға тартуы мүмкін екенін ескертті.

Министрліктің мәліметінше, мұндай әрекеттер көбіне мессенджерлерде, әлеуметтік желілерде немесе онлайн ойындарда басталады. Бейтаныс адамдар жасөспірімдерге «жеңіл табыс» ұсынып, банк картасына түскен ақшаны басқа шоттарға аударуды немесе қолма-қол ақшаға айналдыруды сұрайды.

Шын мәнінде, бұл ұрланған қаражатты заңдастыруға бағытталған алаяқтық схема болуы мүмкін. Қылмыскерлер өздерінің ізін жасыру үшін «дроп» деп аталатын адамдарды пайдаланады. Нәтижесінде ақша бірнеше бөгде шот арқылы өткізіліп, ұйымдастырушылар жауапкершіліктен жалтаруға тырысады.

ІІМ мұндай әрекеттерге байқамай қатысудың өзі құқықтық салдарға әкелуі мүмкін екенін атап өтті.

Осыған байланысты ведомство азаматтарға:

  • банк картасының деректерін және банк қосымшаларына қатысты мәліметтерді ешкімге бермеуге;
  • ақша аудару арқылы оңай табыс табуды ұсынатын күмәнді ұсыныстарға келіспеуге;
  • күдікті жағдай туындаған жағдайда ата-анасына немесе сенімді ересек адамға хабарлауға кеңес береді.

Полиция интернеттегі алаяқтық схемаларға қарсы күрес жалғасатынын және азаматтарды сақ болуға шақырады.