Алматыда іздеуде жүрген Қырғызстан азаматы ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Іздеуде жүрген Қырғызстан азаматы Алматыда пәтер тонаумен, қарақшылық шабуыл жасаумен айналысқан. Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

«Ол оңай олжаға үйреніп қалған адам. Еш жерде жұмыс істемейді. Біреудің арқасында күнін көріп жүргенге үйреніп алған. Қарақшылық шабуылдарды да жүзеге асырып келген. Қырғызстандағы «кәсібін» Алматыда да жалғастырған. Ол күндізгі уақытта дүкенші әйелді бақылап жүрген. Сатушының жалғыз қалғанын пайдаланған күдікті бірден әйелді буындырып, талдырып тастаған. Алайда, дүкен кассасында ақша болмаған. Ұры әйелдің телефонын алып кеткен», - деді Алмалы аудандық полиция басқармасының басшысы Данияр Мендебаев.

Жедел тергеу жұмыстарының арқасында күдікті көп ұзамай құрықталды. Аталған дерекке байланысты ҚР ҚК 192-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Дүкенші әйел есін жиды. Оның денсаулығына еш зақым келмеген.

«Күдіктінің бұған дейін де Медеу ауданында қылмыс жасағанын анықтадық. Бұл адамды таныған, оның әрекетінен жапа шеккен адамдар болса, 254-46-12; 254-46-01 және 102 нөмірлеріне хабарласуларыңызды сұраймыз», - деді  подполковник Мендебаев.  



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы