Алматыда ірі логистикалық жобалардың іске асырылу барысы тексерілді
Алматы станциясын айналып өтетін 74,5 шақырымдық теміржол желісі де іске қосылып, бүгінде 150 мың тоннадан астам жүк тасымалданған.
Қазақстан транзиттік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын күшейтуде. Осы мақсатта Көлік министрлігінің басшылығы Алматыдағы бірқатар ірі жобалардың іске асырылу барысын тексерді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жұмыс сапары барысында «Алтынкөл – Жетіген» теміржол учаскесін жаңғырту жобасының негізгі құрылысы аяқталғаны белгілі болды. Ұзындығы 293 шақырым болатын желіде заманауи басқару жүйелері енгізіліп, өткізу қабілеті тәулігіне 18-ден 33 жұп пойызға дейін артқан.
Алматы станциясын айналып өтетін 74,5 шақырымдық теміржол желісі де іске қосылып, бүгінде 150 мың тоннадан астам жүк тасымалданған. Бұл жоба қала теміржол торабына түсетін жүктемені 40%-ға азайтып, жүк жеткізу уақытын қысқартуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар «Zhetysu» логистикалық терминалының құрылысы аяқталуға жақын. Қуаттылығы жылына 115 мың ДФЭ болатын нысанды 2026 жылдың мамырында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жоба Қазақстанның өңірлік логистикалық хаб ретіндегі рөлін күшейтуге бағытталған.
Алматы-1 вокзалын жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. Нысан заманауи талаптарға сай қайта жабдықталып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасалмақ.
Сапар қорытындысында Үкіметтің транзиттік тасымал көлемін 55 млн тоннаға жеткізу жөніндегі тапсырмасын биыл толық орындау міндеті қойылды.