Алматыда Hyundai автомобиль зауыты салынады
Алматы, BAQ.KZ. Astana Group компаниясының президенті Нұрлан Смағұловтың айтуынша, зауытта өндірілген көліктердің жартысы елімізден өзге Орталық Азия мен Украинаға сатылмақ.
Нұрлан Смағұлов журналистермен кездесу барысында сәуір айында құрылысы басталатын Hyundai зауыты жөнінде айтып берді.
«Әзірге Қазақстан Даму Банкімен несие бөлу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Сондай-ақ, бұл автокөліктерді көрші елдерге экспорттауда қолдау көрсетсе деген оймен үкіметпен де келісім жасаудамыз. Жыл соңына дейін цехты жасап бітіреміз, өндірісті келесі жылдың қаңтарынан бастаймыз. Hyundai Accent пен Hyundai Creta маркаларының күрделі құрастыруын 2020 жылдың ортасында бастаймыз. Алғашқы кезеңде 30 мың автокөлік құрастырамыз, оның жартысы өз нарығымызға қалғаны көрші елге шығады. Жақын жылдары 45 мыңдай көлік шығаруды жоспарлап отырмыз», - дейді ол.
Оның айтуынша, зауыт Алматының солтүстік-батысында 25 га жерге салынбақ және онда 700 адамдық жұмыс орны құрылмақ.
«Алғашқы уақытта зауытты Hyundai компаниясының өкілдері басқарады. Бізде қажетті тәжірибе жоқ, сондықтан олардан үйренуіміз керек. Алғаш MEGA сауда орталығын тұрғызғанда оны екі жылдай неміс компаниясы басқарды»,-дейді Нұрлан Смағұлов.