Алматыда халықаралық жастар күнін атап өтті

Алматыда Ұлттық жастар онкүндігі аясында 50 мыңнан астам жастардың қатысуымен 60-тан астам әртүрлі іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Қаланың белсенді жастарының қатысуымен BBQ форматында кездесу өтті. Іс-шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков қатысты.

Бұл кештің ерекшелігі жастармен ашық аспан астында еркін форматта кездесу болды. Бүгін жастар небір жақсы ұсыныстар мен жобалар ұсынды. Мен әрқашан біздің жұмысымызға тың серпін беретін жобаларды ашық талқылауға және қолдауға дайын екенімді жеткізгім келеді. Қаламыздың дамуына қосқан үлестеріңіз үшін сіздерге алғыс айтамын. Халықаралық жастар күнімен құттықтаймын! – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков.

Іс-шара барысында жыл бойы қаламыздың қоғамдық өмірі мен жастар саясатының дамуына үлес қосқан белсенді жастарға қала әкімі Ерболат Досаевтың атынан алғыс хаттар табыс етілді.

Алматы – жастар қаласы, сондықтан бұл мерекенің біз үшін маңызы ерекше. Бізге ерекше көңіл бөлініп, қолдау көрсетіліп жатқаны қуантады. Бүгін ең белсенді жастарға алғыс хаттар табыс етілді. Күш-жігеріміздің еленіп, қолдау тауып жатқаны бізді одан әрі ынталандырып, дамуға ұмтылдырады. Осындай іс-шаралар жиі өткізіліп тұрса екен деймін, – деді Алматы қаласының еріктісі Елдар Байғабылов.

Іс-шара соңында қатысушылар танысуға мүмкіндік алып, ұйымдастырушылар ұсынған дәмді тағамдардан дәм татты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы