Алматыда халықаралық Фараби форумы өтіп жатыр
Алматыда Әл-Фараби орталығының 30 жылдығына арналған «Тіл философиясы және Әбу Насыр әл-Фараби философиясының тілі» атты халықаралық Фараби форумы өтуде, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Аталмыш шараның мақсаты Әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасын зерттейтін әлем ғалымдардың басын қосып, шығармаларын жастарға насихаттау. Ашылу рәсіміне Египет Ислам мәдениеті университетінің ректоры, Өзбекстан және Иран Ислам Республикаларының бас консулдары, белді фарабитанушылар қатысты.
Бүгінгі халықаралық форум әл-Фараби құбылысын заманауи талдауды және терең зерттеуді талап етеді. Біздің алдымызда әл-Фараби туралы барлық ақпаратты біріктіру міндеті тұр. Форумның тарихи миссиясы – Фараби ілімі арқылы жастардың ой-өрісін кеңейту, тарихи және заманауи құндылықтарды тоғыстыру арқылы фарабитанудағы жаңа бағыттарды дамыту, – деді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев.
Форумға қатысушылар бүгінгі қоғамның рухани және зияткерлік мәдениетін жетілдіруге қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Екі күнге созылатын іс-шара аясында пікірталас алаңдары, бейнероликтер байқауы және маңызды ақпарды ортаға салатын дөңгелек үстел өтеді.
Фараби – шығыстың ұлы, тумасы, ғылым саласына өлшеусіз еңбек еткен ғалым шығармасы мәңгілік ел жадында. Оның шығармалары жас ұрпаққа үлгі болып қалары сөзсіз. Фараби – өз заманының данышпаны, өзінен кейінгі ойшылдардың ой-өрісіне терең де елеулі әсер қалдырып, ислам өркениетінің гүлденуіне негіз бола білген ғұлама ғалым. Сондықтан көпшілік оны ең ұлы мұсылман философы және ислам философиясының негізін қалаушы, – деді Иран Ислам Республикасының Алматыдағы бас консулы Мухсин Фағани.