Алматыда ғылым мен жоғары білім саласының үздіктері марапатталды
Марапаттарды ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев тапсырды.
Алматыда отандық ғылым мен жоғары білімді дамытуға үлес қосқан ғалымдар мен ЖОО оқытушыларына мемлекеттік марапаттар табысталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Салтанатты рәсімде ғылым мен педагогика саласында ұзақ жылдар нәтижелі еңбек еткен зерттеушілерге «Ерен еңбегі үшін» медалі, сондай-ақ Қ.И.Сәтбаев, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, Д.А.Қонаев, Күлтегін және М.О.Әуезов атындағы арнайы сыйлықақылар берілді. Сонымен қатар ғылыми әлеуетті дамытуға қосқан үлесі үшін мемлекеттік ғылыми стипендия лауреаттары марапатталды.
Жоғары білім сапасын арттырудағы еңбегі үшін Аккредиттеу туралы куәлік ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшановқа табысталды.
Марапаттарды ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев тапсырды.
Министр өз сөзінде бұл жетістіктер еліміздің ғылымы мен білімінің жаңа деңгейге көтерілгенін айғақтайтынын атап өтті.
Сондай-ақ «Үздік ғылыми қызметкер – 2025» байқауының 50 жеңімпазы және «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2025» конкурсының 150 жеңімпазы анықталды. Үміткерлердің еңбегі ғылыми жарияланымдар, патенттер, оқу-әдістемелік материалдар мен электрондық білім ресурстарын әзірлеу көрсеткіштері бойынша бағаланды.