Алматыда газ жарылып, үш адам зардап шекті

Алматы, BAQ.KZ. Алматыдағы Жетісу ауданында үшқабатты жеке үйде газ жарылды. Бұл туралы "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Оқыс оқиғадан 3 адам зардап шеккен.

Оқиға орнына жеткен апаттық-диспетчер тобының мәліметінше, бірінші қабаттағы №3 пәтерде газ жарылып, бөлме қабырғалары мен терезе, есіктері қираған, - делінген хабарламада.




"ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ таратқан мәліметте ғимарат Первомайка ықшамауданындағы Постышев көшесі 64-В мекенжайында орналасқан. 3 қабатты үйде 12 пәтер бар, оның барлығы жалға берілген.

Алдын ала болжам бойынша, үйдегі газ жабдығы қирамаған. Жылыту орталықтан беріледі, үйдің жертөресінде 2 қазандық орналасқан. Тексеріс кезінде газ шығу жағдайы анықталған.

Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жарылыс газ шығуы себепті орын алған. Қазіргі уақытта 1984, 1996 жылы туған екі ер адам және 2000 жылғы әйел емханаға жатқызылған. Ал үйде болған 2017 жылы туған балаға медициналық көмек қажет болмаған. 

Мұндай жарылыс бөлмедегі газ концентрациясының жоғарылығынан ғана болуы мүмкін. Ал жалын ұшқыны кез келген жерде болуы мүмкін, - делінген ТЖД таратқан хабарламада.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы