Алматыда ғасыр жасаған ҰОС ардагерін Қорғаныс министрлігі құттықтады

Алматыда Қорғаныс істері жөніндегі департамент пен Бостандық ауданының Қорғаныс істері жөніндегі басқармасының әскери қызметшілері Ұлы Отан соғысының ардагері Анатолий Назарович Поповты 100 жасқа толуымен құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Әскери қызметшілер мерейтой иесінің үйіне арнайы барып, Қорғаныс министрінің құттықтау хатын және естелік сыйлықтар табыстады.

Анатолий Назарович Попов соғыс жылдары байланыс ротасында қызмет атқарған. Ол Екінші Прибалтика майданы құрамында шайқасып, Прибалтиканы азат етуге қатысқан, ал 1945 жылы Рига маңындағы ұрыстарға қатысқан. Ардагер «Риганы азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, сондай-ақ мерейтойлық наградалармен марапатталған.

Соғыс аяқталғаннан кейін Анатолий Назарович Саратов әскери-медициналық училищесін тәмамдап, Германияда фельдшер болып қызметін жалғастырған. Кейін Алматыға оралып, зейнетке шыққанға дейін санитарлық-эпидемиологиялық қызметте фельдшер болып еңбек еткен.

Жасының ұлғаюына, көруі мен естуінің әлсіреуіне қарамастан, ардагер көрсетілген ілтипатты жылы қабылдады. Анатолий Назаровичтің бір қызы, төрт немересі және жеті шөбересі бар.

Ардагердің қызы Наталья Косолапова отбасы атынан алғысын білдіріп, әскери ведомство тарапынан көрсетілген назар мен қамқорлықтың бүкіл отбасы үшін үлкен маңызға ие екенін айтты.

Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысындағы ҰОС-тың соңғы ардагері Федор Щегловтың 99 жасқа толуына бірнеше күн қалғанда өмірден өткені хабарланған еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Алматы қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті
Өзгелердің жаңалығы