Алматыда есту қабілетінің бұзылғанын ерте анықтайтын бірыңғай жүйе іске қосылады
Жүйе «Мен естимін» пилоттық жобасы шеңберінде сәтті сынақтан өтті.
Алматы қаласындағы №5 қалалық клиникалық ауруханада Қазақстандағы алғашқы аудиологиялық скринингті сүйемелдеу бойынша трекинг-орталық ашылып, есту қабілеті бұзылған пациенттердің бірыңғай тіркелімін енгізуге бастау берілді. Бұл жобалар Сурдология бойынша құзырет орталығының базасында жүзеге асырылуда.
Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Жоба Алматының үш перзентханасын, үш медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымын және екі сурдологиялық кабинетін қамтыды.
Алынған нәтижелер жобаның тиімділігін және оны кең көлемде енгізудің қажеттілігін дәлелдеді.
Трекинг-орталықтың ашылуымен біз кезең-кезеңімен Алматыдағы барлық перзентханалар мен медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарын осы жүйеге қосамыз. Бұл есту қабілетінің бұзылуын ерте анықтау және балаларды сүйемелдеудің бірыңғай бағытын қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді орталықтың ашылуында Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов.
«Мен естимін» жобасы баланы аудиологиялық скринингтен бастап диагностика, емдеу, есту аппараттарымен қамтамасыз ету және оңалтуға дейінгі барлық кезеңде сүйемелдеуді қамтамасыз етеді. Жобаның негізгі буыны – трекинг-орталық. Ол нақты уақыт режимінде скрининг нәтижелерін алып, «жасыл дәліз» қағидаты бойынша тексеруді ұйымдастырады және есту қабілеті бұзылған балаларды үздіксіз сүйемелдейді.
Жүйенің тиімділігі қазірдің өзінде дәлелденді: 2026 жылдың басынан бері 11 баланың толық естімейтіні дер кезінде анықталды. Олардың барлығына кохлеарлық имплантаттау жасалып, қазіргі уақытта оңалтудан өтуде. Жоба толық ауқымда іске асырылғаннан кейін жыл сайын 90 мыңнан астам баланы аудиологиялық мониторингпен қамту жоспарланып отыр. Бұл өмірінің алғашқы жылындағы балаларда есту қабілетінің ауыр бұзылыстары мен толық жоғалуын дер кезінде анықтап, емдеуді ерте бастауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар есту қабілеті бұзылған пациенттердің бірыңғай тіркелімі енгізіледі. Ол балалар мен ересектер туралы мәліметтерді біріктіріп, пациенттерді диагностикадан бастап емдеу мен оңалтуға дейін үздіксіз сүйемелдеуді қамтамасыз етеді әрі мамандандырылған көмектің тиімділігін арттырады.
Жыл басынан бері №5 қалалық клиникалық аурухананың Сурдология бойынша құзырет орталығының мамандары МӘМС шеңберінде есту қабілетін жақсартуға бағытталған 200-ден астам операция жасады.
Сонымен қатар 400-ден астам пациентке есту аппараттарымен қамтамасыз етуге жолдама берілді. Бүгінде орталық Қазақстанның барлық өңірінен келетін пациенттерге мамандандырылған көмек көрсетеді, олардың 58%-ын Алматы қаласының тұрғындары құрайды.