18 Тамыз 2026, 10:15 Фото: ©BAQ.KZ/жасанды интеллект

Алматыда ескі автокөліктерді жаңасына ауыстыру бағдарламасы енгізілуі мүмкін

Бастама әзірге дайындық кезеңінде.

Алматыда экологиялық талаптарға сай келмейтін ескі көліктерді жаңасына ауыстыруға бағытталған өңірлік бағдарлама әзірленіп жатыр. Бұл туралы BAQ.KZ-тің ресми сауалына берген жауабында «Алматы қаласы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ мәлім етті.

Мекеме мәліметінше, қазіргі уақытта 2026-2028 жылдарға арналған автокөлік құралдарын кәдеге жарату жөніндегі өңірлік бағдарламаның жобасы дайындалған. Алайда бастама әзірге дайындық кезеңінде болғандықтан, оны іске қосу мерзімі әлі нақтыланбаған.

Бағдарламаны іске асыру тетігі әзірленіп, бекітілгеннен кейін оның іске қосылу мерзімі, қатысу шарттары және басқа да негізгі параметрлері анықталады, – делінген жауапта.

Ескі көліктер тұрғындардан тікелей сатып алынбайды

ӘКК мәліметіне сәйкес, бағдарлама аясында халықтан ескі көліктерді тікелей сатып алу қарастырылмаған. Оның орнына автодилерлер мен автокөлік өндірушілерін жеңілдікпен қаржыландыру тетігі ұсынылып отыр.

Жоспар бойынша экологиялық класы төмен көліктердің иелеріне жаңа автокөлік сатып алу кезінде арнайы жеңілдік сертификаттары беріледі. Осылайша азаматтар ескі көлігін кәдеге өткізіп, жаңа көлік алуға жеңілдікке ие болуы мүмкін.

Дегенмен жеңілдік мөлшері, тапсырылатын көлікті бағалау тәртібі, қаржыландыру көлемі және қатысу шарттары әзірге бекітілмеген. Бұл мәселелер бағдарламаны іске асыру тетігі қабылданғаннан кейін белгілі болады.

Бағдарламаның мақсаты – ауаның ластануын азайту

Жобаның негізгі мақсаты – Алматыдағы ауа сапасын жақсарту. Қалада атмосфераның ластануына көлік құралдарынан бөлінетін зиянды заттардың үлесі жоғары болғандықтан, билік ескі автокөліктердің санын азайтуды көздеп отыр.

ӘКК мәліметінше, экологиялық талаптарға сәйкес келмейтін көліктерді кәдеге жарату тетігін енгізу автопаркті жаңартуға серпін береді. Нәтижесінде қала көшелеріндегі ескі көліктер саны азайып, атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтар көлемі төмендеуі тиіс.