Бүгiн 2026, 12:12 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Алматыда "закладчиктер" көбейген: Биыл есірткімен күреске қанша бөлінген?

Полиция синтетикалық есірткі көбіне халық тығыз орналасқан аудандарда және жастар көп шоғырланған аумақтарда таралатынын мәлімдеді.

Алматы қаласының полиция департаменті жастар арасындағы есірткі қылмысына қатысты ахуалға BAQ.KZ тілшісіне пікір білдірді. Ведомство соңғы жылдары синтетикалық есірткінің таралуы күшейіп, интернет пен мессенджерлер арқылы жасалатын қылмыстардың көбейгенін мәлімдеді.

"Закладчиктер" көбейген

Полиция мәліметінше, Алматыда есірткіге қатысты құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, анықтау және жолын кесу бағытында тұрақты түрде жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізіліп жатыр.

Департамент өкілдері соңғы жылдары синтетикалық есірткінің таралуына байланысты интернет және мессенджерлер арқылы жасалатын қылмыстардың үлесі артқанын айтты.

Яғни "закладчиктер" саны өскен. Ол жалпы есірткі нарығының өзгеруімен байланысты. Егер бұрын есірткі сатқан адамдардың арасында қолма-қол сатқандар болса, қазіргі таңда есірткілер көбінесе тек интернет желісі және "закладчиктер" арқылы сатылады, - деп хабарлады полиция.

Ведомство нақты әлеуметтік портрет құру қиын екенін айтады. Себебі мұндай қылмысқа кәмелетке толмағандардан бастап 50-60 жастағы адамдар мен әйелдер де тартылып жатыр.

Синтетикалық есірткі халық тығыз орналасқан аудандарда таралады

Полиция синтетикалық есірткі көбіне халық тығыз орналасқан аудандарда және жастар көп шоғырланған аумақтарда таралатынын мәлімдеді.

Сонымен қатар, бұл мәселе тек Алматыға ғана емес, қала маңындағы елді мекендер мен кенттерге де тән екені айтылды.

Профилактикалық және жедел іс-шаралар мегаполис аумағында ғана емес, агломерацияға кіретін аумақтарда да жүргізіліп жатыр, - делінген жауапта.

Алайда нақты қай аудандарда синтетикалық есірткі көп таралғаны айтылмады.

Нақты аудандар бойынша ақпарат жедел-қызметтік мүддеге байланысты жария етілмейді, - деп түсіндірді полиция.

Telegram мен даркнет бақылауға алынған

Алматы полициясы есірткіні жарнамалайтын Telegram-арналар мен интернет-сайттарға қарсы жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Есірткіні жарнамалайтын Telegram-арналар мен интернет-ресурстарды анықтау және бұғаттау бойынша уәкілетті органдармен бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Заңсыз контент анықталған жағдайда оларды бұғаттау туралы материалдар жолданады, - делінген жауапта.

"Закладчиктердің" басым бөлігі - 18-35 жастағылар

Полиция дерегіне сәйкес, ұсталған есірткі тасымалдаушыларының арасында жастардың үлесі жоғары.

Олардың басым бөлігі - 18-35 жас аралығындағы азаматтар, - деп мәлімдеді департамент.

Мектеп оқушылары мен студенттер ұсталған

Алматы полициясы 2026 жылдың басынан бері мектеп оқушылары мен студенттердің арасында есірткі тарату бойынша 6 факт тіркелгенін хабарлады.

Барлық анықталған жағдай бойынша заңнамаға сәйкес шаралар қабылданып жатыр, - делінген ресми жауапта.

Қазақстанда арнайы кешенді жоспар іске асырылып жатыр

Полиция мәліметінше, синтетикалық есірткінің таралуына қарсы Қазақстанда бірнеше алдын алу бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.

Соның ішінде негізгі құжаттардың бірі - Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары.

Алматыда есірткі зертханалары анықталмаған

Полиция есірткі өндіретін жасырын зертханаларды анықтау бойынша арнайы жедел іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілетінін айтты.

Анықталған деректер бойынша қылмыстық істер тіркеліп, кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылады. Ағымдағы жылы есірткі өндіру мен өсіру факілері тіркелмеген, бірақ бұл бағытта жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі, - деп хабарлады департамент.

Әлеуметтік желі арқылы есірткі сату көбейген

Алматы полициясының айтуынша, қазір есірткі құралдарының басым бөлігі әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таралады.

Әсіресе синтетикалық есірткілерді Telegram-арналар, интернет-сайттар және жасырын онлайн платформалар арқылы сату фактілері жиі кездеседі, - делінген жауапта.

Осыған байланысты полиция интернет кеңістігіне тұрақты мониторинг жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

Заңсыз қызметпен айналысатын сайттар, Telegram-арналар және есірткіні жарнамалайтын интернет-ресурстар анықталған жағдайда, оларды бұғаттауға жолдау жұмыстары жүргізіледі, - деді ведомство.

Сонымен қатар интернет-ресурстардың артында тұрған тұлғаларды анықтау үшін жедел-іздестіру іс-шаралары ұйымдастырылып жатыр.

Алматыда синтетикалық есірткі жиі кездеседі

Полиция мәліметінше, Алматыда және жалпы Қазақстанда анықталатын есірткілердің ішінде синтетикалық психобелсенді заттар жиі кездеседі.

Түнгі клубтағы аспаз есірткі таратқан

Алматы полициясы түнгі клубтар мен ойын-сауық орындарында есірткіге қарсы тексерулер тұрақты түрде жүргізілетінін хабарлады.

Биыл қаламыздың бір түнгі клубында аспазы тарапынан есірткілерді тарату фактісі анықталды, - делінген жауапта.

Сонымен қатар ойын-сауық орындарында азот тотығын, яғни "күлдіргіш газды" сату фактілерін анықтау бойынша рейдтік жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Жастарды есірткі бизнесіне не тартады?

Полиция жастардың есірткі бизнесіне тартылуына бірнеше фактор әсер ететінін айтты.

Әлеуметтік желідегі жалған жарнамалар, оңай табыс табуға қызығушылық, құқықтық сауаттылықтың төмендігі және психологиялық факторлар әсер етеді деп есептеледі, - деп мәлімдеді департамент.

Алматы полициясы есірткі қолдану салдарынан зардап шеккен жастар бойынша уәкілетті органдарда тиісті есеп жүргізілетінін айтты.

Есірткіге қарсы күреске 30 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген

Полиция мәліметінше, Қазақстандағы нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында және Алматы қаласы мәслихатының шешімі бойынша профилактикалық шараларға 2026 жылы 30 миллион 500 мың теңге бөлінген.

Полиция қандай шара ұсынып отыр?

Алматы полициясы жастар арасындағы есірткі мәселесін азайту үшін цифрлық мониторингті күшейту, профилактикалық жұмысты кеңейту және білім беру ұйымдарымен байланысты арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Антинаркотикалық әлеуметтік роликтер әзірлеу және тарату, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттайтын жаппай іс-шаралар, акциялар, форумдар, спорттық және мәдени іс-шаралар ұйымдастыру жұмыстары тұрақты негізде жүзеге асырылып жатыр, - деп қорытындылады полиция.