Алматыда Ерте араласу орталығы құрылды
Алматы қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жанынан Ерте араласу орталығы құрылды, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау басқармаларының қызметін үйлестіруді қамтамасыз ететін ерте араласу жөніндегі ведомстволық өзара іс-қимыл регламенті бекітілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Айта кету керек, Ерте араласу орталығын құру қажеттілігі Алматы қаласын дамыту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасында айқындалған және Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың тұрақты бақылауында.
Енгізілген ерте араласу үлгісі баланың дамуындағы ауытқушылықтарды ерте анықтау және бағалау, жеке көзқарас, баланың ата-анасының қатысуы және оларды қолдау, көрсетілетін қызметтерді үйлестіру, баланың үлгерімін үнемі қадағалау арқылы үздіксіз бағалау және бақылау және оның жеке қажеттіліктеріне сәйкес қолдауды түзету принциптеріне негізделген.
Бағдарламаның бірегейлігі – ол баланың өмірінің ең маңызды жылдарын – дүниеге келген кезінен бастап үш жасқа дейінгі физикалық, когнитивті, эмоционалды және әлеуметтік даму үшін маңызды кезеңді қамтиды.
Дәл осы жылдардағы араласу баланың қалыпты жұмыс істеуін және оның қоғамға интеграциялануын қамтамасыз ете отырып, ауытқушылықтың салдарын азайтуға немесе толығымен жоюға мүмкіндік береді.
Бағдарлама сонымен қатар ата-аналармен және қамқоршылармен жұмыс істеуге бағытталған және оларға дамуында ауытқулары бар балаларды тәрбиелеудегі құзыреттерді дамытуға көмектеседі. Отбасылар дәстүрлі медициналық және әлеуметтік қызметтерден ерекшеленетін жан-жақты қолдау алады, бұл оны балаға көмек көрсету жүйесінің маңызды элементіне айналдырады.
Бұл модельдің негізі Алматы қаласы әкімдігі өткізген пилоттық жобасының нәтижелері және үкіметтік емес ұйымдардың, атап айтқанда «Кеңес», «АРДИ» және «Дара» қоғамдық қорларының тәжірибесі болды, сондай-ақ, мүгедектік жағдайларының алдын алу және туғаннан бастап 3 жасқа дейінгі балаларды мүгедектікке жол бермеу мақсатында даму патологиясы бар балаларға қызметтер кешенін көрсету бойынша халықаралық тәжірибе пайдаланылды.
Ерте араласу бағдарламасын тиімді іске асыру және қадамдық қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін Алматы қаласының әрбір ауданында Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ведомстволық бағынысты ұйымдарының базасында ерте араласу қызметтері жұмыс істейтін болады, онда құрамына: даму педиатры, психолог, әлеуметтік педагог, физио және кәсіптік терапевттер, логопед және әлеуметтік қызметкер кіретін мамандардың пәнаралық тобының қызметі қамтамасыз етілетін болады.
Пәнаралық топ балаға және оның отбасына көмек көрсетудің жан-жақты тәсілін қамтамасыз етеді.
Орталық қызметінің негізгі аспектісі әрбір бала үшін өзіне-өзі қызмет көрсету, сөйлеу, когнитивтік қабілеттер, әлеуметтік бейімделу және т. б. дағдыларын дамытуды қамтитын жеке ерте араласу бағдарламасын (ЖЕАБ) әзірлеу болып табылады.
Ерте араласу орталығын құру – біздің балаларымыз үшін инклюзивті болашаққа бастар жолдағы маңызды қадам. Біз қиындықтарға қарамастан әр бала дами алатын жағдай жасауға тырысамыз. Ерте араласу бағдарламасы балалардың мүгедектік деңгейін төмендетуге және балаларды білім алу және әлеуметтік өмірге толық енгізуге дайындауға көмектеседі, - дейді Алматының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов.
Сонымен қатар 2024 жылдың қазан айында Санкт-Петербург қаласының Ерте араласу институтында Ерте араласу орталығының мамандарын оқыту жоспарланған.
Ведомстволық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру мақсатында қала әкімінің өкімімен Алматы қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарының төрағалығымен бейінді мамандардан, мамандандырылған үкіметтік емес ұйымдардың, мүдделі жергілікті атқарушы органдардың (қоғамдық денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау басқармалары мен аудандар әкімдіктерінің) өкілдерінен тұратын ерте араласуды енгізудің өзара іс-қимылы жөніндегі Комиссия құрылды. Бұл құрылымдардың өзара іс-қимыл алгоритмі Алматы қаласы әкімінің өкімімен бекітілген ерте араласу жөніндегі ведомстволық өзара іс-қимыл регламентінде егжей-тегжейлі жазылған.