30 Тамыз 2026, 16:48 Фото: istockphoto.com

Алматыда ер адам электр самокаттан құлап, қаза тапты

Оқиға Варламов көшесінде болған.

Алматыда 44 жастағы ер адам электр самокаттан құлап, қаза тапты. Бұл туралы қалалық полиция хабарлады.

Жол-көлік оқиғасы түнгі уақытта Варламов көшесінде, Төле би даңғылының маңында болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам электр самокатын басқара алмай, бордюрге соғылып, кейін құлаған. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр, - деп хабарлады полиция.

Құлау салдарынан алматылық азамат өміріне қауіп төндіретін ауыр жарақат алған. Оқиға орнына келген дәрігерлер реанимациялық шаралар жүргізгенімен, ер адамды аман алып қалу мүмкін болмады.

Алдын ала ақпарат бойынша, оқиға кезінде оның басында қорғаныс шлемі болмаған және басқа да жеке қорғаныс құралдарын пайдаланбаған.

Полиция электр самокатын пайдаланушыларға қауіпсіздік шараларын сақтап, қорғаныс шлемі мен басқа да қорғаныс құралдарын қолдану қажеттігін еске салды.