Алматыда ең үлкен стадион салынады: Жоба туралы не белгілі?
Жуырда Алматы әкімдігі Орталық стадионды қайта жаңғыртудан бөлек, қалада жаңа әрі сыйымдылығы жоғары спорт аренасын салу жоспарланып отырғанын айтты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Қалалық Спорт басқармасының мәліметінше, жоба “Алматыны дамыту бағдарламасы – 2025 және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспектива” аясында жүзеге асырылады.
Жаңа стадион қырық мың орынға есептелген.
Қазір әкімдіктің тиісті басқармалары болашақ стадионның орналасу орнын анықтап, оны жобалау мен салуға арналған тұжырымдаманы әзірлеумен айналысып жатыр, – деп түсіндірді әкімдік.
Сонымен қатар жобаны іске асыру мерзімі, бюджеті, жекелеген инженерлік, технологиялық және логистикалық шешімдері мен өзге де мәселелер кейінірек, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу аясында айқындалатын болады.
Айта кетейік, қазір мегаполистегі ең ірі спорт нысаны 1958 жылы салынған Орталық стадион. Бұрын ол 35 мыңға дейін көрерменді қабылдай алса, қазіргі сыйымдылығы 23 804 адам. Бұл нысан көптен бері ауқымды қайта жаңғыртуды қажет етіп отыр.