Алматыда "Елбасы. Жастар. Жасампаздық" жобасы іске қосылды
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде аталған жобаның ашылу салтанаты өтті.
Көшпелі ақпараттық-имидждік жоба Елбасы кітапханасының ұйымдастыруымен іске асып отыр. Басты мақсаты - Елбасының жасампаз, шығармашыл идеялары мен бастамаларын дәріптеу.
Салтанатты шара барысында Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов сөз сөйлеп, Алматы қаласының Тұңғыш Президент өмірінде алатын орны ерекше екенін жеткізді.
"2019 жыл Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Жастар жылы деп жариялауы кездейсоқ емес. Өйткені Елбасымыз әрдайым жастарды, оның ішінде жоғары оқу орындарда білім алып жүрген студенттерге қолдау көрсетіп, болашаққа деген ынталы, жігерлі жас ұрпақты тәрбиелеуге үлкен көңіл бөліп отырады. Елбасының жасампаз идеяларын ілгерлету мақсатында Елбасы кітапханасы көптеген жобаларды жүзеге асырып жатыр. Бүгін сіздердің назарларыңызға жаңа жобаны таныстырып, оның тұсауын кесіп отырмыз", - деді кіапхана директоры.
ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов аталған жобаны іске қосуға атсалысқан барлық мамандарға алғысын білдірді.
"Біз Тәуелсіз еліміздің тәуелсіздік нышанын бүгін тағы да көріп отырмыз. Өйткені тәуелсіздік дегенде Елбасын, Қарулы күштерімізді атаймыз. Қазір соның барлығы бір жерге тоғысып, осы жастардың алдында үлкен болашаққа сенім тудырып отыр. Шын мәнінде бұл өте мағыналы іс-шара. Алдағы уақытта біз университетіміздің 85 жылдығын атап өтеміз, бұл соның алдындағы сіздердің сыйлықтарыңыз, тұсау кесерлеріңіз, тағы да алғысымды айтамын", - деді ректор.
Жобаның салтанаттты ашылуы кезінде ҚР Мемлекеттік күзетінің Президенттік оркестрі арнайы дайындаған плац-концерттік бағдарламалрымен өнерлерін көпшілікке паш етті. Сондай-ақ, Құрмет қаруының ротасы жұртшылыққа әскери дефилесін ұсынды.
Сонымен қатар, жоба аясында "Жастар - ұлт тірегі" атты кешенді көрмесі қойылған. Онда Елбасы кітапханасындағы архив, музей және кітапхана жинақтарының материалдары көрсетілді.