Алматыда «Ел үміті» жобасының үздік қатысушылары марапатталды

Алматы, BAQ.KZ.  Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Тұңғыш Президент қорының «Ел үміті» жобасы аясында жүзеге асырылған «Елбасы медалі» бағдарламасы мен «Ел Мақтанышы» сыйлығының жеңімпаздарын марапаттады. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Ел үміті» жобасы Тұңғыш Президент — Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылуда. Жастар жылында Елбасы дарынды, белсенді және шығармашыл жастарды жүйелік негізде қолдау қағидатын бекітуді ұсынды. Бағдарламаға 14-29 жас аралығындағы 571 алматылық қатысты, олардың 90-ы медальмен марапатталды, - делінген хабарламада.

Зияткерлік олимпиадалардың жеңімпаз болған бес оқушы және оларды сайысқа дайындаған 15 мұғалім — «Ел Мақтанышы» сыйлығымен марапатталды.


Биылғы жылы интеллектуалды сайыстарға қаланың 359 оқушысы қатысып, оның 237-сі жүлделі орындарға ие болған.

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Тұңғыш Президент — Елбасының арнайы марапаттарының иелерін құттықтай отырып, дарынды жастарды қолдау шаралары және білім алу мен жан-жақты қабілеттерді дамыту үшін жағдайлар жасау туралы айтты.

Биылғы жылы қолдау шаралары аясында 500-ден астам жас мұғалім жалпы сомасы 30 млн тг құрайтын бірреттік материалдық көмек алды. Сондай-ақ, мұғалімдерді қаржылай қолдау мақсатында жалақы 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 25% өсті, - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, 2020 жылдан бастап алғаш рет өз жұмысында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген қаланың үздік мұғалімдері үшін ақшалай сыйлықтармен қатар, Алматы қаласы әкімінің арнайы гранттары енгізілді. 2 бөлмелі пәтер мен автокөлік жыл сайынғы қалалық «Алматы қаласы мұғалімі» байқауының жеңімпаздарының жүлде қоры болды. Сонымен бірге мұғалімдердің тұрмыстық жағдайларын жақсарту жұмыстары жалғасуда. Осылайша, биыл 266 жас мұғалім үймен қамтамасыз етілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы