Алматыда ел экономикасының қазіргі даму барысы талқыланып жатыр

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыдағы ҚР БҒМ ҒК Экономика институтында "Ғылым, экономика және қоғамның әлеуметтік жаңғыруы: шындық және перспективалар" атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр.

Конференцияның басты тақырыбы халықаралық бәсекелестіктің күшеюі, әлемдік экономикалық жүйенің тұрақсыз дамуы және өсіп келе жатқан әлеуметтік теңсіздік жағдайында Қазақстан экономикасының ағымдағы жағдайы мен даму перспективалары мәселелері болады. Конференцияға қатысушылардың жұмысы ҚР президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Жолдауында айтылған идеяларды түсіндіруге және оларды жүзеге асыру бағыттары мен шараларын ғылыми негіздеуге бағытталған.



Конференция барысында ғылымды қажет ететін экономиканы дамытудың заманауи трендтері, жаһандық сын-қатерлер мен әлемдік экономикалық даму, Қазақстанның әлеуметтік саясатының басымдықтары және халықтың өмір сүру сапасын арттыру, индустриялық және инфрақұрылымдық даму сынды бірнеше тақырып бойынша баяндамалар оқылып, талқылануда.



Алқалы жиынға мемлекеттік билік органдарының, ғылым, білім және бизнес өкілдері, соның ішінде белгілі отандық және шетелдік ғалымдар қатысып отыр. Олардың қатарында ҚР БҒМ ҒК экономика институтының директоры, ҚР ҰҒА академигі, профессор Әзімхан Сатыбалдин, РФ РҒА президентінің орынбасары, РҒА корреспондент-мүшесі, э.ғ.д. Владимир Иванов (РФ), Миттвайда қолданбалы ғылымдар университетінің профессоры Сергей Велесько (Германия); International School of Advanced Learning тең құрылтайшысы Марина Львова (АҚШ) бар.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы