Алматыда биыл экономикалық көрсеткіштердің оң динамикасы байқалады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы бүгін Алматы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин айтты.

Мысалы, сыртқы инвестиция көлемі 29,7%-ға өсті және 132,2 млрд теңгені құрады. Ағымдағы жылдың 11 айы ішінде негізгі капитал инвестициясы 712,2 млрд теңгені, ал өсім 4,9% құрады.

Ағымдағы жылдың 11 айы ішінде шағын және орта бизнес субъектілерінің бюджеттегі үлесі 65%-ды құрайды (1280 млрд тг.), ал өсім 16,4%. 2019 жылдың қаңтары мен шілде айлары аралығында ШОБ шығарған өнім көлемі 3,4 трлн теңгеге жетті, бұл өткен кезеңдермен салыстырғанда 15%-ға көп.

Айта кетерлігі, қалада бөлшек сауда (12%-ға) және көтерме сауда (1,5%-ға) артып, оң динамика қалыптасқан. Алматыда жыл басынан бері 76 сауда объектісі ашылды және 48,5 млрд теңгенің қызметі көрсетілді, 4,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орыны құрылды.

Өнеркәсіп саласындағы өсім 4,6%. 2019 жылы жалпы құны 7,4 млрд теңге болатын 8 жоба іске асты, 500 жұмыс орны құрылды. Жақын арада құны 39,5 млрд теңге болатын тағы 4 жоба қолға алынады, соның арқасында 660-тан астам жаңа жұмыс орыны ашылатын болады.

Өзінің сөзінде Е. Оразалин бизнес пен кәсіпкерлікті дамыту бойынша қаладағы жүзеге асқан игілікті істер туралы әңгімеледі.

Жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар аясында ШОБ-тің 639 жобасы қаржыландырылды, 5,9 млрд. теңге көлемінде субсидия төленді. "Бизнестің Жол картасы-2020" бағдарламасы бойынша 280 жобаға қаржылық қолдау көрсетілді, оның ішінде 128 жобаны субсидиялау бойынша 761 млн.теңге, жартылай кепілдеме бойынша 56 жобаға 1,1 млрд теңге, гранттар бойынша 94 жобаға 145 млн теңге және инфрақұрылым жүргізу бойынша екі жобаға жалпы құны 576 млн теңге болатын қаржы жұмсалды, - деді басқарма басшысы.
Бұлардан өзге, "2017-2021 жылдары ҚР Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың Мемлекеттік бағдарламасы аясында" 203 жоба қаржыландырылды, олардың жалпы құны 1,1 млрд теңге, ал "Еңбек" бағдарламасы бойынша 157 жобаға 2,3 млрд теңге жұмсалған.

Ағымдағы жылы кәсіпкерлерге қолдау көрсету және ынталандыру мақсатында "Аlmaty Business-2025" өңірлік жаңа бірыңғай бағдарлама әзірленді. Мұнда бірнеше бағыт ескерілген. Мысалы, кәсіпкерлікті қолдайтын Qoldaý орталығында (қаланың 6 ауданында филиалдары бар) бизнесмендерге "бір терезе" қағидасы бойынша көптеген мемқызмет көрсетіледі, бұл уақытты үнемдеумен қатар қызметті қолжетімді етуде.

Бүгінгі күні орталықта 4723 қызмет көрсетілген (оның ішінде 2816 бизнесті жүргізу және мемлекеттік қолдау шаралары бойынша) және рұқсатнама құжаттарын алу үшін 1907 кеңес берілген.

Бұлардан өзге, "Алматы" ӘКК базасында бизнеске қаржылық ресурстардың қолжетімді болуы үшін Almaty Finance компаниясы және 2-ден 7%-ға дейінгі мөлшерлемемен ШОБ жеңілдетілген несиелер беретін Almaty микроқаржылық ұйымы құрылған.

Бүгінгі күні Almaty микроқаржылық ұйымы 260-тан астам кәсіпкерге түрлі кеңестер берді , жалпы құны 472 млн теңгеге 36 өтініш түскен, оның ішінде 23 млн теңгеге 2 қарыз берілді. Almaty Finance компаниясына құны 2,1 млрд теңге болатын 63 өтініш түскен, құны 85 млн. теңге болатын 4 жоба бекітілді, қазіргі кезде жалпы құны 1,1 млрд теңгеден асатын 25 жоба қаралатын болады. Ірі инвесторларды тарту үшін "Алматы" ӘКК жұмысы қайта жасақталып, Almaty Invest құрылды. Компанияның пайплайнында құны 4,4 трлн теңге болатын 89 инвестициялық жоба бар, бұлар орындалса 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылатын болады, – деді Е. Оразалин.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы