Алматыда екі сел бөгетінің құрылысы басталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сел қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Алматы тауларындағы моренді көлдердің жағдайына аэровизуалды зерттеу жүргізілді.
Тікұшақпен тексеру барысында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев таудағы қауіпсіздікті, тау лашықтарын, бақылау-құтқару пунктін, Тұйық-Су альпинистік лагерінде тікұшақ алаңын жасау жобасымен танысты. Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар департаментіне «Қазселденқорғау» ММ-нің аумақтық бөлімшесінің мамандарымен бірге мегаполис және қала тұрғындарының сел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар кешенін жүзеге асыруды жалғастыруды тапсырды.
Тексеру жұмыстарына «Қазселденқорғау» ММ-нің төрағасы К.Көкірекбаев, қалалық ТЖД-нің басшылығы мен мамандары қатысты. Мамандар моренді көлдердің, сондай-ақ Ақсай, Қарғалы және Үлкен Алматы өзендері бассейнінің жағдайын сараптады.
Жалпы, Алматы маңында 45 мұзды көл бар, оның жетеуінде биыл қауіптің алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Температура режімінің көтерілуіне байланысты мұздықтар еріп жатыр. Қазіргі кезде жеті көлдегі судың жалпы көлемі 1 миллион текше метрді құрайды, яғни қауіпсіз. Сел қаупі басталған маусымнан бері 1,6 млн текше метр су ағызылған.
Моренді көлдердің жағдайы 9 тұрақты және 10 маусымдық гидробекеттерде бақыланады. Олар тұрғын жай модулдерімен, тіршілікке қажет жабдықтармен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген.
Бүгінде Б.Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша қаланың сел қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі жүйелі түрде шешілуде. Мәселен, Ақсай мен Үлкен Алматы өзендерінің бассейнінде екі сел бөгетінің құрылысы басталды. Бұл гидротехникалық құрылыстар 3 мыңға жуық нысанды және 40 мыңнан астам қала тұрғынын қорғауды қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, қалалық ТЖД сел қаупін бақылаудың автоматтандырылған жүйесін енгізу жобасын жасап жатыр. Бірінші кезеңде Үлкен және Кіші Алматы өзендеріне 10 станса орнатылды. Тағы 21 станса екінші кезеңде қойылады. Жүйе бойынша таулы өзендердегі жағдайға 10 параметрге дейін автоматты түрде мониторинг жүргізіледі, оның ішінде су деңгейі, ауа мен су температурасы, топырақ ылғалдылығы, жауын-шашын қарқындылығы және сел жүру қаупі анықталады.