Алматыда екі ер адам жедел жәрдем қызметкерлеріне пышақпен қоқан-лоқы көрсеткен
Алматыда жедел жәрдем бригадасын шақырған екі ер адам кейін медицина қызметкерлерін пышақпен қорқытқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқиға туралы хабар полицияға жедел жәрдем қызметкерлерінен түскен. Дәрігерлер шақырту бойынша екі ер адамға көмек көрсету үшін барған.
Оқиға орнына – Қазыбек би мен Бәрібаев көшелерінің қиылысына – патрульдік полиция қызметкерлері мен Медеу аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторы жедел жеткен. Нәтижесінде екі күдікті де ұсталды.
Алдын ала мәлімет бойынша, олар есірткілік масаң күйде болған. Ұсталғандардың өздері де дәрігерлер келгенге дейін синтетикалық есірткі қолданғандарын мойындаған.
Абырой болғанда, жедел жәрдем қызметкерлерінің ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Күдіктілер полиция бөлімшесіне жеткізілді.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу барысында пышақтың қайдан шыққаны, оны сақтау және алып жүру мақсаты да тексеріледі. Әр қатысушының әрекетіне құқықтық баға берілетін болады.