Алматыда екі ай бұрын жоғалған қыздың денесі зират маңындағы сөмкеден табылды

Алматы облысының тұрғынын өлтірген күдікті қызға несие алдырып, денесін қарға көміп кеткен. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

2024 жылдың күзінде із-түзсіз жоғалып кеткен Алматы облысының тұрғынының денесі табылғанын Lider.kz еріктілері Instagram парақшаларында мәлімдеген еді.

1994 жылы туған Айша Хамит 26 қарашада үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Ол Еңбекшіқазақ ауданы, Қырбалтабай ауылында тұрған. Соңғы рет ол қара қысқа күртеше мен ашық түсті хиджаб киіп кеткен. Еріктілердің айтуынша, әйел 30 қаңтарда өлі табылған.

БАҚ беттерінде марқұмның туыстары 26 жастағы қызды өзі жақын араласып келген жігіті пәтерде қылқындырып, несие алдырғанын айтқан. Қаскөй қылмысын жасыру үшін қыздың денесін полиэтиленге орап сөмкеге салған. Сөйтіп мәйіт салынған сөмкені Кеңсай зираты төңірегіндегі саяжайға тиесілі жерге, қарға көміп кетіпті.

Аталған жағдайға қатысты Алматы қаласының Полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдірді.

Медеу аудандық полиция бөлімі кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Басқа да мән-жайлар анықталып жатыр, - деді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы