Алматыда діни экстремизмді насихаттады деген күдікпен 44 жастағы ер адам ұсталды
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері діни экстремизмді насихаттады және діни алауыздықты қоздырды деген күдікпен 44 жастағы ер адамды ұстады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
ІІМ жедел уәкілдері күдіктінің заңға қайшы әрекеттерін, соның ішінде интернет кеңістігіндегі қызметін ұзақ уақыт бақылап, құжаттаған. Тергеу деректеріне сәйкес, ер адам 2024 жылдан бері Қазақстаннан тыс жерде жүріп, радикалды идеяларды таратуды жалғастырған.
Ол Telegram мессенджеріндегі жабық топтарға әкімшілік етіп, онлайн дәрістер өткізген және өз жақтастарына идеологиялық ықпал жасаған. Бұған дейін оның бірқатар аудиодәрісі сот шешімімен терроризмді насихаттау және діни алауыздықты қоздыру белгілері бар экстремистік материалдар деп танылған.
Сондай-ақ күдіктінің шетелдік теологиялық оқу орындарында діни білім алғаны анықталды. Ол жақтастары арасындағы беделін пайдаланып, 2024–2025 жылдары олардан 60 миллион теңгеден астам қаражат алған.
11 қарашада жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде ер адам Алматы қаласында ұсталды. Сонымен қатар Алматы мен Жамбыл облысында бір мезгілде тергеу әрекеттері жүргізілді. Тінту кезінде экстремистік идеология белгілері бар діни әдебиеттер мен қолжазбалар тәркіленді.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. ІІМ қызметкерлері істің барлық мән-жайын анықтап, ықтимал сыбайластары мен өзге де қатысы бар адамдарды әшкерелеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.