Алматыда депутаттық корпус 66,7%-ға жаңартылды
Алматы қаласының мәслихатының жаңа депутаттық корпусы жұмысқа кірісті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Аралас сайлау жүйесі бойынша сайланған 42 депутат VIII шақырылымдағы қалалық мәслихаттың бірінші сессиясы барысында тұрақты комиссиялар бойынша бөлінді. Айта кету керек, 2004 жылдан бері алғаш рет депутаттардың 50%-ы партиялық тізімдер бойынша, қалған 50%-ы мажоритарлық жүйе бойынша сайланды.
Сессия жұмысын аша отырып, Алматы қаласы бойынша аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Айгүл Қалықова VIII шақырылымдағы Алматы қаласы мәслихаты депутаттарының куәліктері мен төсбелгілерін тапсыру рәсімін өткізді.
Бірінші сессия барысында мәслихат төрағасы және жаңадан құрылған тұрақты комиссиялардың төрағалары сайланды. Осылайша, «AMANAT» партиясы фракциясының ұсынысы негізінде VIII шақырылымдағы Алматы мәслихатының төрағасы болып Мейіржан Отыншиев сайланды.
Сонымен қатар, сайлау комиссиясы «ҚР-дағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес «AMANAT» партиясының фракциясы тіркеліп, оның басшысы болып Станислав Канкуров сайланғаны туралы хабарлама жасады.
Сондай-ақ дауыс беру нәтижесінде тұрақты комиссиялардың басшылары анықталды:
- Экономика, қаржы, активтер, мемлекеттік басқаруды дамыту және қоғамдық қауіпсіздік жөніндегі комиссия, төрағасы – Нәбиев Әміржан Әміржанұлы.
- Құрылыс, сәулет, урбанистика және жер қатынастары жөніндегі комиссия, төрағасы – Шоқанов Нұрсұлтан Нұрланұлы.
- Коммуналдық инфрақұрылым, энергетика, сумен жабдықтау және қалалық мобилділік жөніндегі комиссия, төрайымы – Өмірбаева Зауреш Әбілғожақызы.
- Кәсіпкерлік, инвестициялар, туризм және экология жөніндегі комиссия, төрағасы – Идрисов Руслан Рашитович.
- Қоғамдық даму, мәдениет, спорт, дін және жастар жөніндегі комиссия, төрайымы – Ақанова Әсия Айқанқызы.
- Денсаулық сақтау, білім және жұмыспен қамту жөніндегі комиссия, төрағасы - Қодасбаев Алмат Тұрысбекұлы.
Бір мандатты округтерді ескере отырып, депутаттық мандаттардың саны мынадай санда бөлінді: 24 мандатпен «AMANAT» партиясы басымдыққа ие болды. «Respublica» партиясында 5 мандат, «Қазақстан Халық партиясы» мен «BAYTAQ» партияларында үш мандаттан бар. «Ақ Жол» партиясы 2 мандатты алса, партиялық емес депутаттар 5 мандатқа ие болды.
Мәслихат депутаттарының құрамын жаңарту 66,7% құрады. Әйелдер, жастар және мүмкіндігі шектеулі жандар саны 38,1% құрады. Ұлттық құрамы бойынша: қазақтар – 78,6%, орыстар – 7,1%, кәрістер – 4,8%, ұйғырлар – 4,8%, татарлар – 2,4%, украиндар – 2,4%.