Алматыда дәрі-дәрмек қоры жеткілікті, алаңдауға еш негіз жоқ – Хаиров
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіруші, «Almaty Finance» Басқармасының төрағасы Тимур Хаиров онлайн брифинг барысында айтты.
Оның айтуынша, 2020 жылдың шілде айында қалада дәрі-дәрмек тапшылығы болған кезде әлеуметтік тұрақтандыру қоры құрылған. Бұл қор қаланы қажетті дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдармен үздіксіз қамтасыз ету мақсатында құрылған.
Бұл қор аясында фарм компаниялар қаланы қажетті дәрі-дәрмекпен қамтуы үшін 5 млрд теңге бөлінген. Соның арқасында 60 аталым бойынша 40 млн-ға жуық дәрі сатып алынды. Оған қоса дәріні ай сайын тұрақты ұстап тұру қолға алынған. Қазір дәрі қоймасында 20 млн-ға жуық дәрі бар, бұл екі айға жететін қор,-деді Тимур Хаиров.
Сонымен қатар ол қордағы дәрілер қаланың дәріханаларына үздіксіз жеткізіліп отырғанын айтты.
Қазір әкімдік өкілдері қаладағы дәріханаларға күнделікті мониторинг жүргізіп отырады. Қаладағы дәріханалар маскамен 100 пайызға қамтылған. Алматыда маска өндіретін алты ірі отандық компания бар. Олар күніне 1 млн маска өндіреді. Оған қоса 15 мердігер маска жеткізумен айналысады. Әлеуметтік қор аясында 2020 жылдың соңына дейін ескі бағамен алынған жүрек ауруына қажетті 8 дәрі түрі бар, олар кардиомагнил, тромбаст және басқалары. Сондықтан КВИ жұқтырған науқастарды емдеуде дәрі тапшылығы жоқ,-деді ол.