Алматыда БҰҰ штаб офицерлері курсты аяқтады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыдағы Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік даярлық орталығында «БҰҰ-ның штаб офицерлері» (United Nations Staff Officer Course) халықаралық сертификатталған курсы аяқталды.
Екі аптаға созылған оқуға Ұлыбритания, Испания, Қазақстан, Қырғызстан мен Мозамбик елдерінің өкілдері өтті.
Қазақстандық нұсқаушылар тыңдаушыларды БҰҰ-ның құрылымымен, қағидалары және тәсілдерімен, ұйымның бітімгерлік қызметін реттейтін құқықпен таныстырды.
Дәстүрлі түрде баяндамашы ретінде шақырылған қарулы күштермен жұмыс жөніндегі Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің, ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының және ҰҚШҰ-ның делегаты Винко Мославац халықаралық гуманитарлық құқық жөнінде дәріс оқыды.
Қатысушыларға БҰҰ-ның миссияларындағы халықаралық штабтар бөлімдері мен қызметтерінің негізгі функциялары бойынша қажетті ақпарат ұсынылды.
Үлгідегі сценарийлер негізінде штабтық жаттығулар өтті. Оның барысында әртүрлі ахуалды жоспарлау және шешімдер қабылдау мәселелері пысықталды.
Бітімгерлік миссияның гендерлік аспектісін зерделеуге баса назар аударылды. Өйткені, әйел мен ер адамдар жанжалды әр түрлі қабылдайды.
Бейбітшілікті қолдау операцияларының барлық элементтері арасындағы айырмашылықтарды тану және есепке алу БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясының сәтті атқарылуына кепіл болмақ.
Курс тыңдаушылары адамның өзін-өзі ұстауы мен қауіпсіздік кодексін, оның ішінде COVID-19 туралы хабардар болуды арттыру тәсілдерін зерделеді.
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы қатаң халықаралық міндеттемені талап етеді, ал бұл мақсатта Қазақстанның рөлі өте жағары бағаланады. 2007 жылдан бастап Қазақстаннан 30-дан астам әйел мен ер-азамат Непалда, Кот-д'Ивуарда, Батыс Сахара мен Ливанда штабтық офицерлер мен әскери бақылаушылар ретінде БҰҰ-ның миссияларына қатысты, - деп атап өтті Қазақстандағы БҰҰ-ның тұрақты үйлестірушісі Микаела Фриберг-Стори.
Курстың ресми жабылу рәсімінде сөз сөйлеген Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік даярлық орталығының бастығы полковник Бауыржан Нығматуллин жемісті, әрі белсенді жұмысқа алғыс айтып, бітімгерлік миссия міндеттерін орындау кезінде жинақтаған білімнің көмегі тиеріне сенім арта отырып, тыңдаушыларға сәттілік тіледі.
Сонымен қоса, ол Біріккен Ұлттар Ұйымының, Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің және серіктес елдердің тиісті құрылымдарымен бітімгерлік даярлық мәселелеріне қатысты ынтымақтастық деңгейінің жоғары екенін атап өтті.
Курс тыңдаушыларына штаб офицері ретінде оқығанын растайтын халықаралық сертификаттар табыс етілді.