Алматыда БҚО филармониясының гастрольдері өтеді

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония 15 маусымда Алматы қаласында концерт береді. Халық музыкасын оркестрдің сүйемелдеуімен Қазақстан Республикасының  еңбек сіңірген қайраткерлері мен әртістері орындайды. 

Өнер иелері концерт алдында БАҚ өкілдерімен жүздесіп, гастролдік сапарлары жайлы айтып берді.

Ал кешке халық әнін орындаушылар алматылық көрермендерді Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің концерт залында күтеді.

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, дәстүрлі ән жанрының әншісі Қатимолла Бердіғалиев өз шығармашылығында қазақтың төл өнерін, ақын-жырау ретінде дәріптейтінін атап өтті. Дәстүрлі әнші, музыка пәнінің мұғалімі осы салаларды өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттауда.

Өзім қазақи тәрбие алған адаммын. Бала кезімізде радиомен тәрбиелендік. Қазақ әншілері мен термешілерін тыңдап өстік. 13 жасымнан домбыра шертуді үйрендім, содан Ғарифолла Құрманғалиевтің әндерін сүйемелдеп айтып жүрдім. Көзімнің нашар көруіне байланысты құймақұлаққа көбірек арқа сүйедім. Жырға әншілікке деген әуестігім жастайымнан басталды,-дейді  Қатимолла Бердіғалиев.

Қатимолла Бердіғалиевтің репертуарында үш жүзден астам қазақтың халық әндері, жыраулар мен терме-жыраулар Бұқар жырау, Базар жырау, Қашаған жырау, Мұхит Мералиев, Ғарифолла Құрманғалиев және көптеген халық композиторларының әндері бар.

Қазақ радиосының алтын қорына "Ел"продюсерлік орталығында жазылған Қ.Бердіғалиевтің 83 әні енді. Айта кетерлігі, биыл әртіс 70 жасқа толды. Ол домбырада ойнап, термені бала кезінен орындай бастаған.

Күннің қаһарманынан бөлек, ҚР еңбек сіңірген әртісі, әнші Қанатқали Құжақов, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, әнші Айбар Хайырханов және тағы басқалар қала тұрғындарына өнер көрсетеді. Дирижер әрі жетекшісі Еркін Нұрымбетов жетекшілік ететін «Дәулеткерей» қазақ халық аспаптар оркестрі халық өнерін сүйер қауымның құлағын қуантады.

Айта кетсек, гастрольдік сапар 18 мамырда басталып, Батыс Қазақстан филармониясы Қостанайда, одан кейін Павлодарда өнер көрсетті. Гастрольдік сапар 17 маусымда Талдықорғанда, 21 маусымда Шымкентте, сонымен қатар Семейде жалғасады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы