Алматыда Ботаникалық бақтың билеті қымбаттады
Енді 1 қаңтардан бастап билет құнына 24,20 теңге қосылмақ, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Бас Ботаникалық бақтың әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды. Хабарландыруда бағаның өсуіне табиғи аумақты пайдаланғаны үшін әрбір келушінің төлеуі тиіс салықтың 369,20 теңгені құрауы себеп болғанын атап өтті.
Құрметті келушілер! 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Бас Ботаникалық баққа кіру үшін қосымша 24,20 теңге төлеу керек. Себебі ерекше қорғалатын табиғи аумақты пайдаланғаны үшін, әрбір келушінің төлеуі тиіс салық өсіп, қазір 369,20 теңгені (2023 жылы – 345 теңге) құрап отыр. Ботаникалық баққа кіру құны кіру билеті (ересектер – 505 теңге, зейнеткерлер мен мектеп оқушылары – 158 теңге, студенттер – 340 теңге) мен ерекше қорғалатын табиғи аумақты пайдаланғаны үшін төленетін салықты қамтиды. Енді ботаникалық баққа кіру кезінде ересектер 874,20 теңге, зейнеткерлер мен мектеп оқушылары 527,20 теңге, студенттер 709,20 теңге төлейтін болады, – делінген хабарламада.