Алматыда бос орындар жәрмеңкесіне 850 ірі компания қатысты
Алматының 8 ауданында жастарды жұмысқа орналастыру мақсатында «Career Day» бос орындар жәрмеңкесі өтіп 26 мыңнан астам жасты қамтыды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Алматының Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Жастар саясаты басқармасының өкілдері мен қалалық Мансап орталығының мамандары кеңірек айтып берді.
Мансап күндері жұмыссыз жастар, ЖОО, колледж және мектеп түлектері қатарынан 26 мыңнан астам жасты екен қамтыды, кәсіби тағылымдамаға 3800 адам және одан әрі жұмысқа орналасумен 4900 адам шақырылды. Қаланың үздік спикерлері түрлі шеберлік сағаттарын өткізді, - деді қалалық мансап орталығының өкілі Асқар Азаматов.
«Career Day»-ге барлығы 850 ірі компания қатысты, олар 10 мыңнан астам бос орын ұсынды. Сонымен қатар, 35 ЖОО мен 83-тен астам колледждер, спикерлер және кәсіби бағдарланған мамамандар қатысты.
NEET жастарының жұмыспен қамтылуы және олардың үлесін азайту қаланың жастар саясатының негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Себебі, жастарды дамытуды қолдау жөніндегі Жол картасының негізгі индикаторы жыл сайын 10 мың жасты жұмысқа орналастыру болып табылады, - деді Жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Әзиз Қажденбек.
Спикер атап өткендей, Жастар саясаты басқармасы Цифрландыру басқармасымен бірлесіп «Jobfair 365» тегін цифрлық платформасының тест нұсқасын іске қосты.
Платформаның міндеттері жастар арасынан жұмыс берушілер мен жұмыс ізденшілерді біріктіру, сондай-ақ артық әкімшілік кедергілерді болдырмау болып табылады. Бұл тәсілді жасау туралы бастаманы жоғары оқу орындарының мансап орталықтарының басшылары көтерді. Бүгінде Қазақстан Республикасының 20 өңірінен 500 жұмыс беруші тіркелген, олар 1500 бос жұмыс орнын орналастырды, оның ішінде ең сұранысқа иелері: көлік және логистика саласындағы 257 бос жұмыс орны және өндіріс және ауыл шаруашылығы саласындағы 222 бос жұмыс орны, - деп толықтырды спикер.
Сонымен қатар, Басқармада жастардың жұмыссыздығымен күресу үшін 4 өзекті мамандық бойынша: қызмет көрсету саласында ,IТ-мамандықтар бойынша, қолөнер мамандықтары бойынша және soft skils бойынша жастарға арналған қысқа мерзімді курстар іске қосылды.
Жаңа дағдыларды игеру жастарға перспективалы және қызықты мамандықты таңдауға, жұмыс табуға, қоғамдағы тәуелсіз өмірге бейімделуге және өзін-өзі жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда 3850 жас 14 курс бойынша оқыды, - деп атап өтті Қажденбек.
Басқарманың мәліметінше, Алматыда 14-35 жас аралығындағы 682 мың жас немесе тұрғындардың жалпы санының 32% - ы тұрады. Қаланың 35 жоғары оқу орны мен 83 колледжінде 255 мыңнан астам студент оқиды. Осы жылы алдын ала деректер бойынша ЖОО-лар 42 мыңға жуық, ал колледждер 20 мыңға жуық студент бітіреді. Бұл ретте, өткен жылдардағы тәжірибе бойынша түлектердің 80% - ы Алматыда жұмыс табуға тырысады, ал бітіргеннен кейінгі бірінші жыл ішінде 10 мыңға жуығы жұмыссыздар қатарында болады. Биылғы I тоқсанда NEET санатындағы жастардың үлесі жастардың жалпы санынан 8,3% құрайды (53 мыңнан астам жас).