Алматыда биыл да онлайн құрбандық шалу іске асады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Онлайн тапсырыс беру үшін qurban2022.kz сайты қайта іске қосылды. Сайт арқылы тапсырыс берген адамдарға құрбандығы шалынғаны туралы видео есеп жолданады. 

Бұл туралы Алматы қаласының бас имамы Оспан Төлеби Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте айтты.

Бас имамның айтуынша, қалада Құрбан айт мерекесін жоғары дәрежеде атап өту жоспары бекетілген. Қаладағы 53 мешітте 9 шілдеде таңғы сағат 06.30-да мерекелік Айт намазы оқылады. 

Айтулы мерекенің басты ғибадаты құрбандық шалу рәсіміне мұсылман жұртшылығы Айт намазы оқылған соң кіріседі. Айт күндері өткізілетін ғибадаттарды жоғары деңгейде атап өту үшін Алматы қаласы әкімдігі  санитарлық нормалар мен талаптарды сақтау мақсатында құрбандыққа шалынатын малдарды сату, сою және таратуға рұқсат етілген 13 орынды бекітті. Бұл орындарда мешіт қызметкерлері құрбандық шалудың шариғат талаптарына сай өтуін қадағалап, діни рәсімдерді атқарады. Қала тұрғындары үшін осы тізімде көрсетілген мешіттерден құрбандық малын сатып алуға және сол орында құрбандық шалуына жағдай жасалған,-деді  Оспан Төлеби.

Сонымен қатар ол өткен жылдардағы тәжірибеге сай онлайн құрбан шалу рәсімін көпшіліктің сұранысымен іске қосқандарын жеткізді. 

Онлайн тапсырыс беру үшін qurban2022.kz сайты қайта іске қосылды. Сайт арқылы тапсырыс берген адамдарға құрбандығы шалынғаны туралы видео есеп жолданады. Онлайн құрбан шалу Алтын Орда базары маңындағы Абай ауылының алтын сақа базарында іске асады. Қала тұрғындары осы базарға келіп, өздеріне ұнаған малды сатып алып, құрбандық шала алады,-деді қаланың бас имамы. 

Сонымен қатар ол құрбандық етін алуға өтініш білдіретін адамдар qurban2022.kz сайтына өздерінің мұқтаждықтарын көрсетіп, өтініш бере алатынын жеткізді.

Алматы қаласында құрбандық шалуға рұқсат етілген орындар:
- Алатау ауданы бойынша – Мырзахмет мешіті, Әскер ата мешіті, Алғабас мешіті, Әл-әзим мешіті;
- Бостандық ауданы бойынша – Бақыткелді мешіті;
- Медеу ауданы бойынша – Аманқұл ата мешіті, Фатима мешіті, Райымбек батыр мешіті;
- Наурызбай батыр ауданы бойынша – Қалқаман мешіті, Қарағайлы мешіті және Таусамалы базары;
- Түркісіб ауданы бойынша – Қайрат мешіті;
- Жетісу ауданы бойынша – Войнах мешіті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы