Алматыда биыл 1500-ге жуық сарбаз әскерге шақырылады
Күзгі шақыру аяқталғанға дейін Алматыда 1500-ге жуық сарбазды әскерге шақыру жоспарлануда, деп хабарлайды BAQ.KZ Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы Қорғаныс істері департаментінің заң қызметінің басшысы, подполковник Дәуренбек Шегебаев мәлімдеді. Сонымен қатар, мегаполисте 600-ден астам тұрғын әскери жиынға шақырылды.
Дәуренбек Шегебаев атап өткендей, азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жылына екі рет, наурыздан маусымға дейін және қыркүйектен желтоқсанға дейін жүргізіледі.
2023 жылғы көктемгі шақыру қорытындысы бойынша 1200-ге жуық азамат шақырылды. Биылғы күзгі шақыруда 1536 адамды ҚР ҰҚК Шекара қызметіне, ҚР Қарулы Күштеріне, Мемлекеттік күзет қызметіне, ТЖМ-ге және ҚР ІІМ Ұлттық ұланына шақыру жоспарлануда, - деді Алматы Қорғаныс департаментінің спикері.
Ол сондай-ақ шақырудан кімге кейінге қалдыру берілетінін түсіндірді: отбасылық жағдайына байланысты (бір және одан да көп балалы отбасыда некеде тұрған, мүгедектері бар отбасы мүшесін күтумен айналысатын), білімін жалғастыру үшін (қашықтықтан оқытуды қоспағанда, оқу кезеңінде), денсаулық жағдайы бойынша (шақыру комиссиясының шешімімен), басқа себептер бойынша (педагогтерге, құқық қорғау органдарына келіп түсетін дәрігерлерге, депутаттарға, ұшу экипаждары мен кемелерінің мүшелеріне қатысты анықтау жүргізіледі).
18 бен 27 жас аралығындағы ҚР азаматтарын шақыру соттылықтың жоқтығын, денсаулық жағдайының сәйкестігін, психологтың ұсынымын және кәсіптік білімі бар азаматтарды ескере отырып, жергілікті атқарушы орган құрған шақыру комиссиясының шешімі негізінде жүзеге асырылады, - деп жалғастырды Дәуренбек Шегебаев.
Ол сондай-ақ 2023 жылдан бастап мерзімді қызметтің әскери қызметшілері үшін грант бойынша жоғары оқу орындарына түсу, ҰБТ тапсыруға қарамастан түсу, түсу емтихандарынсыз әскери жоғары оқу орындарына түсу сияқты жеңілдіктер қолжетімді болғанын еске салды. ҚР Қорғаныс министрі 1500 сарбазға тегін оқытуға сертификаттар табыс етті. Бұдан басқа, жеңілдіктер тізімінде – мерзімді қызмет әскери қызметшісінің қызмет ету кезеңіне екінші деңгейдегі банктердегі кредиттер бойынша сыйақы сомасын есептеуді тоқтата тұру.
Алматының қорғаныс департаментінде бүгін мектептердегі әскери комиссариат қызметкерлерімен бірлесіп, «Ерлік сағаты» сабақтары өтуде.