Алматыда бірнеше миллион теңге айыппұлы бар жүргізушілер ұсталды
Алматы қалалық полициясы бірнеше миллион теңге көлемінде айыппұл төлемей жүрген жүргізушілерді анықтады.
Алматы қалалық полициясы бірнеше миллион теңге көлемінде айыппұл төлемей жүрген жүргізушілерді анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Алматы қалалық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі 24 сағат ішінде жол қозғалысы ережесін жүйелі бұзып, айыппұл төлеуден жалтарған 6 көлік иесін ұстады.
Мәселен, ұсталған азаматтардың бірінің жалпы айыппұл сомасы 5,5 миллион теңгеден асқан. Ал тағы бір Toyota Alphard көлігінің жүргізушісіне салынған айыппұл көлемі 1 миллион 86 мың теңгені құрайды.
Барлық көлік мамандандырылған айыппұл тұрағына жеткізілді. Иелеріне берешектерін белгілі мерзімде өтеу туралы ресми ескерту жасалды.
Жазаның бұлтартпастығы – жолдағы тәртіптің кепілі. Айыппұлдарды жүйелі түрде елемеу көлікті тәркілеуге дейін апаратын әрекет екенін азаматтар түсінуі тиіс. Біз формальдылықпен емес, нақты заңдылықпен жұмыс істеп жатырмыз, - деді Алматы қалалық ПД ЖПҚ басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.
Полиция тұрғындарды көлік басқару мәдениетін сақтауға және айыппұлдарды дер кезінде төлеуге шақырады.