Алматыда бірнеше көшедегі қозғалысқа шектеу енгізіледі
Көшеде 10 күнге жуық шектеу енгізілмек.
Алматыда екі аудандағы көшеде қозғалысқа шектеу енгізіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қалада Жандосов көшесінің бір бөлігінде орташа жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты автокөлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі.
Атап айтқанда, 21 шілде сағат 20:00-ден 1 тамыз сағат 06:00-ге дейін Дәулеткерей көшесінен қала шекарасына дейінгі учаскеде кері бағыттағы қозғалыс (реверсивті қозғалыс) ұйымдастырылады.
Жол қозғалысына қатысушылардан уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарап, уақытша жол белгілерінің талаптарын сақтауды және белгіленген жылдамдық режимін қатаң ұстануды сұраймыз. Жөндеу жұмыстарының мерзімі ауа райы жағдайына байланысты өзгеруі мүмкін, - делінген әкімдік хабарламасында.
Сонымен қатар, Алматының Жетісу ауданында 2-ші Гончарная көшесінің бір бөлігінде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі. Ауданда алдағы жылыту маусымына дайындық аясында 1996 жылы пайдалануға берілген ұзындығы шамамен 340 метр жылу желісі жаңғыртылады.
Осыған байланысты 23 шілдеден бастап 2-ші Гончарная көшесінде, Қалалық фтизиопульмонология орталығынан Райымбек даңғылы, 223е/4 үйіне дейінгі аралықта автокөлік қозғалысы уақытша шектеледі.
Шектеу жол астындағы құбыр учаскесін жоспарлы жаңғырту жұмыстарын қауіпсіз жүргізу мақсатында енгізіліп отыр. Қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілетін кезеңде тұтынушыларға ыстық су беру тоқтатылмайды.