Алматыда бір тәулікте желтоқсан айындағы қардың 32%-і түсті
Алматыны қалың қар басып, оның салдарымен коммуналдық қызметтер күресіп жатыр, деп хабарлайды қалалық коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы.
16 желтоқсан таңертең қалада 22 сантиметр, Каменск үстіртінде – 40 см, ал Шымбұлақта – 42 см қар жауды. Бір күнде желтоқсан айындағы жауын-шашынның 32%-і түсті. Жалпы, желтоқсан айында осы уақытқа дейін айлық норманың 73%-і түскен.
Қала көшелерінде 605 бірлік арнайы техника және 1080 жол жұмысшысы жұмыс істеп жатыр. Жауын-шашын басталғаннан бері көктайғақтың алдын алу үшін 122 құмсепкіш жолды 2065 тоннадан астам мұзға қарсы материалмен өңдеді.
16 желтоқсанда таңертең жол қызметтері көшелерді қайта тазартуды бастады. Жұмысқа полицияның патрульдік машиналарымен бірге жүретін 23 техника колоннасы жұмылдырылған. Республика алаңын, әуежайды және Алматы-1 және Алматы-2 теміржол вокзалдарын қоса алғанда, түнде 850 текше метр қар шығарылды. Сағат 11.00-дегі жағдай бойынша 1200 текше метр шығарылды", - деп хабарлады басқарма.
Тротуарларды, тұрақ аймақтарын және әлеуметтік маңызды объектілерге кіреберістерді жинау үшін 65 бірлік шағын техника жұмылдырылды.