8 Тамыз 2026, 10:49
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов
Алматыда бір күнде 1800-ге жуық жол ережесін бұзу дерегі тіркелді
Бір тәулікте мас күйде көлік жүргізу, қарсы жолаққа шығу, қауіпті маневр жасау және телефон қолдану сияқты 186 өрескел құқық бұзушылық анықталды.
Алматыда бір тәулікте жол қозғалысы ережесін бұзудың 1800-ге жуық дерегі тіркелді, оның 200-ге жуығы адам өміріне қауіп төндірген.
Алматы прокуратурасының мәліметінше, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында 2026 жылғы 7 тамызда қала аумағында 1789 жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталған. Оның ішінде 186 өрескел құқық бұзушылық жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндірген.
Анықталған құқық бұзушылықтар арасында:
- мас күйінде көлік басқару – 13 дерек;
- көлік құралын басқару құқығынан айырылған адамның рөлге отыруы – 1 дерек;
- жалған мемлекеттік тіркеу нөмірімен көлік басқару – 3 дерек;
- маневр жасау қағидаларын бұзу, оның ішінде қауіпті маневрлер («шашка») жасау – 61 дерек;
- қауіпсіздік белдігін тақпау – 69 дерек;
- қарсы бағыттағы жолаққа шығу – 10 дерек;
- көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдалану – 29 дерек.
Сонымен қатар 56 автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.